Тамыз 1, 2025
Соңғы жаңалықтар
Бүгін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (ҚазЕжӨШҒЗИ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сарапшылар делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында «Қазақстандық тұқымдар мен сорттар» ұлттық бастамасы талқыланды. Бұл жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен әзірленіп, ФАО мен Қазақстан арасындағы әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Кездесуге ФАО ауыл шаруашылығы жөніндегі маманы Уилсон Хьюго, өсімдіктер селекциясы және тұқым өндірісі бойынша халықаралық кеңесші Томас Бернс, осы бағыттағы ұлттық кеңесші Дамир Қалдыбаев, сондай-ақ «жасыл» ауыл шаруашылығы саясаты мен әріптестік бағдарламаның дамуы жөніндегі ұлттық сарапшы Дарина Острикова қатысты.
Дамир Қалдыбаевтың айтуынша, бастама селекциялық ғылым мен кадрлар даярлаудан бастап, инфрақұрылым мен тұқымның бақылану жүйесін енгізу және шаруа қожалықтарын қолдауға дейінгі ауқымды мәселелерді қамтиды.
«Біз елдің бірнеше негізгі аймағын – Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарын аралап, Бараев атындағы институтта, Қостанайдағы тұқым шаруашылықтарында болдық. Жиналған ақпараттың бәрі қазір жүйеленіп, негізгі проблемаларды нақты анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Фермер үшін ең бастысы – мәселені дәл қазір шешу. Ол 10–12 жыл күткісі келмейді. Сондықтан біз тұқым шаруашылығына қатысты жедел шешімдер қарастырамыз, ал селекция ұзақ мерзімді жұмыс екенін түсінеміз», – деді сарапшы.
ҚазЕжӨШҒЗИ сарапшылар миссиясының соңғы нүктесі болды. Бұл зерттеу жұмысының басты мақсаты – селекционерлер, тұқым өсірушілер және фермерлер бетпе-бет келіп отырған нақты қиындықтарды анықтау. Келесі кезеңдерде қосымша сапарлар мен деректер жинау жоспарланып отыр. Бұл ақпараттар негізінде жобаның толық техникалық тапсырмасы дайындалып, бастаманы толық іске қосуға негіз болады.
ФАО мен Қазақстан арасындағы әріптестік бағдарламасы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, агробизнесті цифрландыруға, табиғи ресурстарды ұтымды басқаруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Бағдарлама саяси диалог, талдамалық және практикалық жұмыс арқылы ФАО мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ынтымақтастықты күшейтеді.
КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.