Monthly Archives: Қараша 2021

261329179_4690373604355794_4116219001874910227_n

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТРИТИКАЛЕ ДАҚЫЛЫНЫҢ ОТАНДЫҚ СОРТТАРЫ

Қазақстанда тритикале селекциясы 1970 жылы академик Оразалиев Рақым Алмабекұлының жетекшілігімен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (ҚазЕӨҒЗИ) басталды, кейін бұл жерде жемдік және нан пісіруге арналған күздік және жаздық тритикаленің көптеген сорттары шығарылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында күздік тритикаленің ТАЗА, АЗИАДА, ҚОЖА және ЗЕРНОКОРМОВОЕ 5 сорттарын өндірісте қолдануға рұқсат етілген. Сондай-ақ күздік тритикаленің БАРУ және жаздық тритикаленің УКАЗ сорттары мемлекеттік сортсынаққа берілген.
Құрамында крахмалы жоғары, ең бастысы егін өнімділігі мол болғандықтан, тритикале химия-технологиялық өнеркәсібі (биоэтанол, метанол, биодизель, спирт және басқа да туындылар) үшін тамаша шикізат болып табылады. Тритикаленің жоғары өнімі негізгі қоректік заттардың ақуыз, крахмал және т.б. көп мөлшерін қалыптастыруға ықпал етеді. Әлемде тритикале өнімдері мал шаруашылығында ерте жасыл жем, сүрлем, пішендеме және т.б. ретінде өте табысты қолданылады.
Қазақстанда диқандардың тритикале дақылына деген қызығушылығы артып келеді, бұл дақылдың күздік сорттары Алматы облысының Сарқанд ауданында өндіріске енгізуде. «Байсерке-Агро» ЖШС-де әр жылдары орташа егін түсімі тәлімі жерде гектарына 45 центнерден, жүйелі суару жағдайында 116 ц/га-ға дейін жетті. Сарқанд ауданындағы «Азия-Голд» және Райымбек ауданындағы «Айғайтас» шаруашылықтарында мол алқаптарға егілуде. Бұл дақылға сұраныс еліміздің барлық оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында артып келеді. Республиканың солтүстігіне де қызығушылық бар.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

260549466_4677999055593249_5245423408418872965_n

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА – 30 АҒАШ ЕГУ

Бүгін 2021 жылы 25 қарашада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында тарихта қалатын маңызды іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай институттың ғылыми тәжірибе алқабында 30 шырша ағашы салтанатты жағдайда егілді. Арнаулы тәлімбақтан алынған бойы 2,5-3 м болатын көгілдір шыршаның Глаука сортын егуге институттың өркендеуіне көп үлес қосқан ардагерлер, жетекші ғалымдар, ғылыми зертханалар мен бөлімдердің меңгерушілері, ауыл жетекшілері, журналистер шақырылды.Бұл айтулы іс-шара институт егістігінде 100 гектар жерді суаруға арналған екі ұңғыманың (скважинаның) іске қосылуымен тұспа тұс келді. 250 және 230 метр тереңдіктен шығарылған тұщы су биылдан бастап институттың ғылыми және өндірістік алқаптарын сумен қамтамасыз ететін болады. Аталған жұмысты «Тескенсу» компаниясы абыроймен орындап шықты.Іс-шара басында институттың басқарма басшысы Бастаубаева Шолпан Оразқызы бұл істің маңыздылығын атай отырып, жақын арада жақсы шара жалғасын табатынын жеткізді. Содан соң институт ардагерлері Ибраев Нұртаза Ибрайұлы, Оразалиев Рақым Алмабекұлы, Кененбаев Серік Барменбекұлы және басқа да мамандар өздерінің ігі тілектерін жолдады. 13 түп шыршаны егу құрметі институт ардагерлері мен жетекші ғалымдарға берілді, қалған 17 түп шыршаны егуді институттың ғылыми зертханалары мен қызмет бөлімдерінің жетекшілері, сондай-ақ жас мамандар жалғастырды.Жиынға қатысушылар 250 метрлік ұңғымадан шыққан тұщы суды тамашалап, дәмін татып көрді.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

255441642_4626015344124954_6844942664471940727_n

КҮЗДІК БИДАЙ ЕГІСТІГІНЕ АЛҒАШҚЫ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Биылғы жылы институт алқаптарында күзгі жауын-шашынның болмауына байланысты күздік дақылдарды себу қазан айының басындағы жауын-шашыннан кейін, сондай-ақ ғылыми егістік алқаптарды жасанды суарудан кейін, қабылданған мерзімнен 2-3 апта кешіктіріліп жүргізілді. Қараша айының басында ауа райының -20 °C-қа дейін қатты салқындауы және қар түріндегі жауын-шашынның түсуі егіннің жай-күйіне алаңдаушылық туғызған болатын.2021 жылғы 9 қарашада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-де күздік бидай дақылдарының жай-күйіне мониторинг жүргізілді. Жетісу, Стекловидная 24, Мереке 70 және басқа сорттар егілген өндірістік алқаптарда, сондай-ақ селекциялық материалдар, тұқым көбейту және демонстрациялық питомниктерде қар астында бидай өскіндері байқалды. Кейбір өскіндер түптену кезеңіне өтуде, ал кейбір кеш егілген питомниктерде алғашқы өскіндер анықталды. Алдағы күндердің жылы ауа-райы және 6-8 сантиметрлік қар жамылғысы бұл өскіндердің одан әрі дамып, нығаюына ықпал етеді.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

Dark Mode
X