Monthly Archives: Қыркүйек 2021

243349043_4502308399828983_7185075811743087994_n

ИНСТИТУТ ЕГІСТІГІНДЕ ЫЛҒАЛ ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

 Биылғы жылдың бір ерекшелігі – ауа райының құрғақшылығында. Міне бір жарым айдан бері өңірге ешқандай жаңбыр жаумады, салдарынан егістіктің ылғалдылығы өте азайып, топырақтың 0,5-1,0 метрге дейінгі қабаты құрғап кетті. Өңірде күздік дақылдарыды егу мерзімі келгенімен, топырақтың ерекше құрғақтығынан тұқым себу мүмкін болмай тұр. Себебі, біріншіден, құрғақ топырақ жер жырту кезінде техниканың сынып, тозуына әкеледі. Екіншіден, құрғақ топыраққа түскен тұқым дер кезінде өнбей, құстарға жем болуы мүмкін.Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – егістікті қолдан суару. Қазір институт қызметкерлері егістік алқаптарын жасанды жолмен суару үстінде. Бір жерде арықты пайдаланып егістік суарылса, екінші жерде арнаулы трубалармен келген суды жұмсақ шлангалар арқылы суаруға қолдануда. Аталған әдістер арқылы қазіргі уақытта институттың егістік алқаптарында ылғал жинау жұмыстары қарқынды жүруде.

2021-10-06_23-19-26

ШАХМАТТАН АУДАН АРАЛЫҚ ЖАРЫС

2021 жылы 26 қыркүйекте Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Алматы облысы Қарасай және Талғар аудандары арасында шахматтан жарыс болып өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша Талғар ауданының шахматшылары алға шығып, арнаулы кубокты жеңіп алды.

242084340_4459431854116638_4683863498560280901_n

ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨСІРУ – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІҚонысбеков Керімтай Төлеуқасымұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

Елімізде ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейе түсуде. Оның ішінде отандық қызылша тұқым шаруашылығын оңтайландырып арттыруға айырықша көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастады. Енді осы бір мәні мен маңызы зор көкейкесті мәселеге ғылыми тұрғыдан байыпты түрде таразы талқысына салсақ, тағлымы жетерлік талай жайларға қаныға түсеміз.Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд. тоннаны құрайды. Ал, қант қызылшасының үлесі 270 млн. тонна.

Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн. тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн. тонна, қант қызылшасынан – 33 млн. тонна (25,2 %) шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн. тонна, Үндістан – 19,9 млн. тонна, Қытай – 9,7 млн. тонна, АҚШ – 2,2 млн. тонна екен. Ал,қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн. тонна, Германия – 4,3 млн. тонна, Франция – 4,2 млн. тонна, Ресей – 2,3 млн. тонна, Польша – 2,0 млн. тонна, Түркия мен Украина – 1,9 млн. тонна деп айта беруге болады.

Енді Қазақстандағы қант қызылшасын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталатын болсақ, соңғы жылдары еліміздің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты республиканың ауылшаруашылығында, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгерістер болды. Осы заманғы аграрлық қарым-қатынастағы елдердің даму тенденциясына талдау жасау Қазақстанның АӨК-нің (агроөнеркәсіп кешені) ары қарай дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі және қант зауыты төңерегіне топтасқан кооперативтік бірлестіктерді құру есебінен инновацияны енгізуге тең дәрежеде ыңғайлы жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жұмылдырылуы керек екендігін көрсетеді.

Қант қызылшасын өсіру елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық негізгі бағыттың бірі болып табылады. Республикада қант қызылшасын өсірген жылдардағы егістік алқабының ең жоғарғы көлемі 80,8 мың гектарға жетіп, орташа өнімділік әр гектарына 270 центнерді құраған еді. Бұл ретте қызылша ауыспалы егістігі айналымын игеру үшін 213,5 мың гектар суармалы жер пайдаланылды. Осының арқасында өнімділік жөнінен ең жоғары нәтижеге 1972 жылы қол жеткізілді. 73,1 мың гектардың әр гектарынан 338 центнерден тәтті түбір жиналып, мемлекетке 2349,5 мың тонна қант қызылшасы өткізілді. 1976 жылы Талдықорған облысының екі ауданы: Киров (5,2 мың гектардан) және Талдықорған (9,2 мың гектардан) тиісінше 366 және 375 центнерден өнім алды. 2004 жыл мен 2014 жыл аралығында елдегі қант қызылшасы алқабы 22,3 мыңнан 1,2 мың гектарға дейін күрт қысқарды.

Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Республиканың табиғи-климаттық жағдайы бұл дақылды Алматы облысының 9 ауданында (Алакөл, Ақсу, Шеңгелді(Қапшағай қаласы), Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талдықорған қаласы), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) өсіруде және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының шаруашылықтары да қызығушылық танытуда. Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді. Сонымен қатар жобада Солтүстік пен Орталық Қазақстан (Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) жағдайында да отандық және шетелдік жаңа будандарға экологиялық сорт сынағын жүргізудің мүмкіндігі де қарастырылатын болады.

Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Дегенмен, өкінішке орай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, ал, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Яғни, елімізде бұл дақыл тұқымның өндірісін мүлдем дерлік жоғалттық деуге болады. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі шағын цех салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ. Осыған байланысты отандық ғалымдар, өзіміздің селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын алу үшін, аталған жобаны қолға алып, іске кірісті. Қант қызылшасы тұқымдық материалының сапасы оны өндеу жағдайымен тікелей байланысты.Ерекше атап айтатын жай, Алматы облысында қант қызылшасын өсірудің қайтадан қарқынды түрде өріс алуы қуантады. 2015 жылы қант қызылшасының алқабы 4020 гектарға жетіп, 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды. Көптен бері тоқтап тұрған Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылды. Барлық қажетті ауқымды істер атқарылды. «Хильниченко және К» сеіктестігінің қызылшашылары орта есеппен әр гектардан 730 центнерден алды, ал, кейбір учаскелерінде өнім 810 центнерге дейін жеткен. Облыста 2021 жылы қант қызылшасының егістігі 21 мың гектарға ұлғайды. Әр гектардың шығымдылығы орта есеппен 376 центнерден айналып, жалпы 250 мың тоннадан астам тәтті түбір алынған. 2020 жылы 380 центнерден алынды.Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту.Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді.Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жекеменшік әріптестері – «Қамқорлық» элиталық тұқым шаруашылығы ЖШС-мен және «Жылыбұлақ» ЖШС-мен бірлесе отырып, отандық қант қызылшасы тұқымының үлесін 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жалпы қажеттіліктің 50% жеткізуді, отандық өндірісті егістік сапасы жоғары тұқыммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ақсу, Айшолпан, Тараз, Шекер, Памяти Абугалиева атты қазақстандық қант қызылшасы будандандарын, сондай-ақ қант қызылшасының жаңа бәсекеге қабілетті түрлерін өсіру жөніндегі ұсыныстарды республикада ғана емес, осындай табиғи-климаттық жағдайымен бұл бағалы дақылға сұранысы бар Қырғызстан мен Өзбекстанда да пайдалануға болады.Мемлекеттің қант қызылшасы кешенін экономикалық дамуымыздағы негізгі рөлі – елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған талаптар негізіндегі, жалпы экономиканы өркендету аясында кеңейтілген жұмыстарға институтционалды жағдай жасауда жатыр. Жобаны жүзеге асыру қант қызылшасы егіс алқабын және қант қызылшасы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұтастай алғанда, осы әлеуметтік маңызды өнім бойынша азық-түліктік қауіпсіздікті нығайтады.Қазақстан Республикасында өнімділігі, сапасы жоғары, қоршаған ортаға бейімділігі жағынан шетелдік түрлерімен бәсекеге түсе алатын қант қызылшасы будандарын енгізу арқылы, өнімділікті арттырып қант өңдеу инфражүйесінің (қосымша жұмыс орындарын құру) дамуына, өнімнің өзіндік құнының кемуіне және қант қызылшасы саласының экономикалық тиімділігіне әкеледі деп толық сеніммен айта аламыз. Менің жеріне жеткізе айтып, ортаға салып отырған ойларым, пікірлерім, ұсыныстарым еліміздің ертеңі үшін екенін екінің бірі жақсы біледі. Осыларды жұдырықтай жұмылып іске асыра білетін болсақ, дәулет пен берекенің берік негізін қалайтынымыз анық. Демек, сөз бен істің бірлігі үйлесімін тапса, алмайтын асуымыз жоқ.

Тәуелсіздік жылдарындағы дәнді дақылдар бойынша селекциялық жетістіктер



Рсалиев Ш.С., ҚазЕӨШҒЗИ дәнді және мал азықтық дақылдар бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

Институтымызда дәнді дақылдар бойынша селекциялық жұмыстар 1934 жылы А.А.Орловтың бастамасымен қолға алынды. Ол ВИР және жергілікті сорттардың коллекциясы негізінде арпаның жұмыс коллекциясын құрды. Күздік бидай бойынша селекциялық жұмыстарды 1950 жылдан бастап П.Ф. Федоров жүргізді. 1965 жылы Н.Л. Удольскаяның ғылыми басшылығымен арпа дақылы бойынша топ құрылды. 1972 жылдан бастап дәнді дақылдардың селекциясы ҚР ҰҒА, РАҒА мен УАҒА академигі Р.А. Оразалиевтің жетекшілігімен жүргізілуде. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі селекциялық жетістіктерге жаздық бидайдың ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 4 сорты (1980 ж. аудандастырылған), күздік бидайдың БОГАРНАЯ 56 (1981) және ҚАРЛЫҒАШ ​​(1986) сорттарын атауға болады. Бұл сорттар республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында әлі де кеңінен өсірілуде.

Соңғы 30 жыл ішінде институт селекционерлері шығарған дәнді дақылдардың 93 сорты аудандастырылды және қазіргі уақытта өндірісте пайдалануда. Олардың ішінде күздік жұмсақ бидайдың 28 сорты, күздік қатты бидайдың 2 сорты, күздік тритикаленің 4 сорты, жаздық жұмсақ бидайдың 18 сорты, жаздық қатты бидайдың 8 сорты, күздік арпаның 2 сорты, жаздық арпаның 17 сорты, сұлының 10 сорты, күріштің 2 сорты, үйбидайықтың 2 сорты бар. Аталған дақылдардың жекелеген сорттары республикамыздың көптеген аймақтарында және шет елдерде егіліп, шаруашылық-құнды белгілері бойынша еліміздің селекциялық жетістіктерінің алтын қорына енгізілді.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардағы институттың алғашқы жетістігі – 1991 жылы Қазақстанның Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында аудандастырылған жаздық жұмсақ бидайдың ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕРТЕ ПІСЕТІН сорты болды. Сорт Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен бірлесіп шығарылған. Сорт ерте піседі, вегетациялық кезеңі 67-89 күн. Орташа егін өнімділігі 25-30 ц/га, жоғары агрофон жағдайында – 53,6 ц/га дейін. Дәннің технологиялық көрсеткіштері бойынша күшті бидай тізіміне енгізілген. Қазіргі уақытта бұл сорт Қазақстандағы жаздық бидайдың ең танымал сұрыптарының бірі болып табылады, өсіру аумағы 300 мың гектардан астам. Сорт сонымен қатар Ресей Федерациясының Курск, Челябі облыстарында, Башқұртстанда және Қырғызстанда өсіріледі.

Келесі бірегей сорт – 1992 жылдан Алматы мен Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Башқұртстан мен Қырғызстанда өсірілетін бидайдың ҚАЗАҚСТАНДЫҚ 10 сорты. Факультативті сортқа жатады (күзде де, көктемде де егуге болады). Сорт орташа мерзімде піседі. Көктемгі және күзгі үсіктерге төзімді. Жапырақ таты және фузариоз ауруларына көнбіс (толерантты). Сорттың орташа түсімі суармалы жерде 50,5 ц/га, тәлімі жерлерде 22,4 ц/га болады. Интенсивті технология бойынша суармалы жерге де, тәлімі жерге де егуге болады. Дәннің сапасы бойынша бағалы бидайға жатады.

1993 жылы Қазақстанда күздік бидайдың ЖЕТІСУ сорты аудандастырылды. Өсімдіктің биіктігі орташа (75-85 см), вегетациялық кезеңі 265-275 күн, қысқа төзімділігі жоғары. Тат түрлерімен, ақ ұнтақпен және қаракүйемен зақымданады. Жетісу сортының ерекше қасиеті – егін түсімінің жоғарылығында және ауа райына бейімделгіштігінде. Мемлекеттік сорт сынау кезінде (1990-1995) орташа егін түсімі 56 ц/га болды. Сорт Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында егіледі.

1995 жылы күздік бидайдың ең белгілі сорты СТЕКЛОВИДНАЯ 24 аудандастырылды. Сорт өсу мерзімінің ұзақтығы 251-263 күн. Суыққа және қуаңшылыққа өте төзімді. Сабақ және жапырақ таттарымен орташа (Lr3 гені анықталған), тозаңды және қатты қаракүйемен аз зақымданады. Сары татқа төзімсіз, бірақ бұл ауру бойынша толерантты (көнбіс) сорт болып есептеледі. Суару жағдайында дән өнімділігі 70 ц/га дейін, тәлімі жерде – 20-35 ц/га. Күшті бидайлар қатарына жатады. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында қазіргі кезде қолданылатын күздік бидайдың негізгі сорты болып табылады. Сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстанның бірқатар аймақтарында егіледі.

1996 жылы Қостанай, Павлодар облыстарында жаздық жұмсақ бидайдың ЛЮТЕСЦЕНС 32 сорты пайдалануға рұқсат етілді. Сорт орташа мерзімде, яғни 86 күн ішінде піседі. Тозаңды қаракүйеге және сары татқа көнбіс, жапырақ және сабақ таттарымен зақымданады. Орташа егін түсімі 25-30 ц/га. Дәннің технологиялық көрсеткіштері бойынша күшті бидай тізіміне енгізілген. Бұл сорт 2020 жылға дейін Қазақстандағы ең танымал жаздық бидай сорттарының бірі болды (137 мың га).

1997 жылы Қазақстанның 7 облысында (Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан) жаздық арпаның АРНА сорты пайдалануға рұқсат етілді. Сорт ерте көктемгі аязға, жатып қалуға және дән төгілуге ​​төзімді. Сорттың потенциалды шығымы 63,1 ц/га, дәндегі ақуыз мөлшері 12%-дан аспайды, крахмал 60-63%, экстрактивті заттар 76-81%. Қазіргі кезде бұл сорт республикадағы жаздық арпа ассортиментінің негізін құрайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы мәліметі бойынша республикада бұл сорттың егіс көлемі 500 мың гектардан асты.

2001 жылдан бастап жаздық арпаның СЕВЕР 1 сорты Алматы облысында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне енгізілді. Вегетациялық кезеңі 97-101 күн, өсімдіктердің биіктігі 84-92 см, өнімді түптенуі 2,5-3,1 дана, 1000 дәннің салмағы 49,9 г, дән натурасы 680,3 г/л. Сорт ерте көктемгі аязға, жатып қалуға және дән төгілуге ​​төзімді. Потенциалды өнім 64,1 ц/га, дәндегі ақуыз мөлшері 9-11,5%, крахмал 60-64%, экстрактивті заттар 76-80%.

2002 жылы Қазақстанда күздік тритикаленің бірінші отандық сорты ТАЗА сорты аудандастырылды. Сорт қысқа төзімді, түптенуі жақсы, сабан биіктігі 105-110 см, жатып қалмайды. Масақ пен дәндері ірі, 1000 дәннің массасы 56 г дейін. Көп гүлді, масақтағы дәннің мөлшері 60-70 данаға дейін жетеді, осы қасиеттерінің арқасында сорт жоғары өнім береді. Потенциалды өнімділік 8-10 т/га. Сорт мал азығы үшін және таза күйінде де, бидай қоспасымен де нан пісіруге арналған. Құрамында крахмалдың көптігі мен мол егін түсімі арқасында ол химиялық-технологиялық өнеркәсіп үшін тамаша шикізат болып табылады (биоэтанол, биодизель, спирт және т.б.).

2003 жылдан бастап Қазақстанның төрт облысында (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан) күздік жұмсақ бидайдың АЛМАЛЫ сорты өсіруге мақұлданды. Өсу мерзімінің ұзақтығы 270-290 күн, қысқа төзімділігі орташа (96-98%). Аз деңгейде сары тат (1-2 балл/10-15%), септориоз (1-2 балл) қоздырғыштарымен зақымданады, ал жапырақ татына (2-3 балл/10-20%) және қатты қаракүйеге (2-3 балл) төзімділігі орташа. Суармалы жерде орташа түсімі 62 ц/га. Сорт еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде суармалы және қамтамасыз етілген тәлімі жерлерінде егіледі.

2004 жылы үйбидайықтың (райграс) отандық сорты МАРЭЛЬ қабылданды. Бұл көпжылдық дәнді дақыл, олар суландыру жағдайында мәдени жайылымдарды құруға және көгалды шөп ретінде пайдалануға арналған. Сорт түраралық будандастыру және кейіннен іріктеу әдісімен жасалды. Жасыл жемшөп массасының орташа өнімділігі 445,8 ц/га. Жапырақтығы жоғары (55-67%). Суға батуға төзімді. Сорт елдің оңтүстігінде және оңтүстік -шығысында қолдануға рұқсат етілген.

2011 жылы институт селекционерлері шығарған дәнді дақылдардың 12 сорты пайдалануға жіберілді. Күздік жұмсақ бидайдың жаңа МЕРЕКЕ 70 сортының өсу мерзімі 265-275 күн. Түр тармағы – барбаросса. Негізгі жапырақ ауруларына төзімді. Суармалы жағдайда орташа егін түсімі 68,0 ц/га. Сорттың сапалық көрсеткіштері өте жоғары – 1000 дән салмағы 36 г, дәндегі ақуыз мөлшері 17,7%, ұлпа 37% , жалпы нан пісіру бағасы 4 балл. Құнды бидайлар қатарына жатады. Сортты Алматы және Жамбыл облыстарында егуге рұқсат етілген.

Күздік бидайдың ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЯНТАРЬ сорты қатты бидай түріне жатады, түр тармағы – церулесценс. Сорт жатып қалуға өте төзімді, масағы тығыз, дәндері ірі. Қолайлы жағдайда ылғалмен қамтамасыз етілмеген жердің өзінде бақылау сортымен салыстырғанда 2,5-4,0 ц/га артық өнім береді. Орташа 1000 дән массасы 56,0 г, макарондық сапасы 4,4 балл. Сортты 2011 жылдан бері Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысында өндірісте егуге рұқсат етілген.

Жаздық арпаның СЫМБАТ сорты «К-11798 / Нутанс-70» будан популяциясынан жеке іріктеу арқылы шығарылған. Сорт 79-80 күнде піседі, өсімдік биіктігі орташа мөлшерде (82-86 см), астық шығымдылығы (78,6%) және ақуыз мөлшері (13,6%) жоғары. Ерте көктемгі аязға, пісіп жетілгенде жатып қалуға және дән төгілуге ​​төзімді. Орташа дән өнімділігі 35,0 ц/га. Сорт 2011 жылдан бері Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.

2012 жылы жаздық жұмсақ бидайдың САМҒАУ сортын Павлодар облысында егуге рұқсат етілді. Сорт Павлодар ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп биотехнологиялық әдістерді қолданып шығарылған. Сорт орташа мерзімде, 91 күнде піседі. Құрғақшылыққа, дән төгілуге төзімді. Егін түсімі қолайлы жағдайда 40,5 ц/га. Дән сапасы бойынша құнды бидайға жатады.

2013 жылы Алматы облысында күздік арпаның АЙДЫН сортын пайдалануға рұқсат етілді. Бұл мал азығы бағытында шығарылған көп қатарлы сорт. 209-210 күнде пісіп үлгіреді, дән мөлшерінің көптігімен (68-74 дана) және ақуыз құрамының жоғары деңгейімен (15,2%) ерекшеленеді. Сорттың орташа өнімділігі 40,1 ц/га.

2014 жылдан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында «Таза / ПРАГ-45» будан популяциясынан іріктеу әдісімен шығарылған күздік тритикаленің АЗИАДА сорты пайдалануға жіберілді. Сорттың қысқа төзімділігі және саңырауқұлақ ауруларына қарсы тұру қабілеті жоғары. Орташа дән өнімділігі 75,3 ц/га, ақуыз мөлшері 12,6%, лизин 3,8-3,9% құрайды.

2015-2021 жылдар аралығында институтымыздың селекционерлері шығарған күздік бидайдың 9 сорты (АРАП УЛУЧШЕННЫЙ, ДАУЛЕТ, ЕГЕМЕН-20, МАТАЙ, МАМЫР, БЕСАГАШ, СӘТТІ-14, ВАВИЛОВ, ДИМАШ), күздік тритикаленің 2 сорты (ҚОЖА, ЗЕРНОКОРМОВОЕ 5), күздік арпаның 1 сорты (ЖАЛҒАС), жаздық арпаның 2 сорты (ҰЛАР, ИЛЕК 36), жаздық бидайдың 5 сорты (МИЛАНА, СЕРКЕ, СЕЙМУР 17, ӨСКЕМЕН, ТАБЫС 60), сұлының 3 сорты (ДӨНЕН, СҰЛУ, СЫРҒАЛЫМ) мемлекеттік сортсынақтан ойдағыдай өтіп, өндіріске жолдама алды. Аталған сорттар негізінен еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығысында өсіруге арналған және болашақта коммерциялық сорттарды алмастыратын болады. Жекелеген сорттар Павлодар, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында пайдалануға ұсынылған. Қазіргі уақытта институтымызда бұл сорттардың жоғары сапалы кондициялық тұқымын өндіру бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде.

Қорыта айтқанда, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу-институтының селекционер ғалымдары Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдық мерекесін үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Бұл жетістіктер еліміздің қуатын ары қарай арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

X