Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Қарой» стационарында күздік бидайдың селекциялық нөмірлерін себу аяқталды. «Қарой» стационары аудан орталығынан 45 шақырым жерде Қарағанды тас жолының бойында орналасқан және дәнді дықылдарды құрғақшылыққа төзімділігі бойынша сұрыптауға арналған негізгі орын болып табылады. Бұл тәлімбақта әр жылдары отандық селекцияның ерекше сорттары – күздік бидайдың ыстыққа және құрғақшылыққа төзімді «Богарная 56», «Стекловидная 24» т.б. сорттары шығарылған.Ағымдағы жылы стационарда құрғақшылыққа төзімді бидай сорттарын (СП1, Ф1, ПСИ, КП, СП2, КСИ) сұрыптауға арналған барлық селекциялық тәлімбақтар, сондай-ақ күздік бидайдың отандық және шетелдік (Ресей, Франция) сорттарды зерттеуге арналған тәлімбақ құрылды. Тұқым себу үшін навигациялық жүйемен жабдықталған «Юто» тракторына жегілген Австрияның «Винтерштайгер» арнаулы селекциялық сепкіші қолданылды. Бұл жүйе тіпті қараңғыда да тұқымды дәл себуге мүмкіндік береді.