Ғалымдарға тағзым: 1948 жылғы әуе апатында қаза тапқандар жерленген орында сенбілік өтті
ҚазЕжӨШҒЗИ басшылығының тапсырмасымен Институттың Жас ғалымдар кеңесі Алматы қаласындағы Орталық зиратта сенбілік жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде 1948 жылғы 30 қыркүйекте Балқаш маңында орын алған әуе апатында қаза тапқан, ауыл шаруашылығы ғылымының көрнекті өкілдері жерленген. Қорым аумағын абаттандыру және тазарту жұмыстары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оны институт Басқармасы Төрағасының инновациялар жөніндегі орынбасары Серік Абаев үйлестіреді. Биылғы сенбілікке Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Қасымхан Қойланов, кәсіподақ ұйымының төрағасы Ербол Жүсіпбеков және институттың белсенді жас ғалымдары қатысты.

Ескерткіш – қаза тапқандардың есімдері мен лауазымдары жазылған қарапайым тақта мен мәңгілік алауы бар стела. Сол қайғылы рейсте – Трофим Лысенконың 50 жылдық мерейтойына қатысу үшін Мәскеуге бағыт алған ұшақта – 11 жолаушы және 4 экипаж мүшесі, жалпы 15 адам қаза тапты. Соның ішінде бесеуі – қазақстандық ғылымның көрнекті өкілдері, осы бауырластар зиратына жерленген.
Олардың қатарында – Қазақстан аграрлық ғылымының тарихына алтын әріптермен жазылған Кәрім Мыңбаев пен Қылыш Бабаев бар.

Кәрім Мыңбаев (1906–1948)
Кәрім Мыңбаев – биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болған тұңғыш қазақ. Оның ғылыми жолы Ташкенттегі Ортаазиялық мақта-ирригация институтынан басталып, академик Н.И. Вавиловтың жетекшілігімен жалғасын тапты. Мыңбаев каучуконос өсімдігі – көк-сагызды өсіру технологиясын жетілдіруге зор үлес қосты.
1944 жылдан бастап ол ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының төрағасы қызметін атқарып, ғылыми мекемелерді дамытуды, мамандандыруды және зерттеу бағыттарын нақтылауды қолға алды. Ол мал шаруашылығы бойынша кешенді тәжірибелік станцияларды, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, ҚазМУ-де дәріс оқыды. Қызметі мен еңбегі бағаланып, оның есімімен ауылдар, көшелер, мектептер аталды, Киевка кентінде бюсті орнатылған.

Қылыш Бабаев (1913–1948)
Қылыш Бабаев – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Вильямс атындағы егіншілік институтының директоры. Оның басшылығымен 62 жаңа, жоғары өнімді сорт шығарылып, Қазақстанның түрлі табиғи аймақтарына бейімделген агротехникалық әдістер әзірленді.
1948 жылы ол республиканың солтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін зерттеу мақсатында ауқымды экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция жинаған ғылыми материалдар аграрлық сектордың дамуына зор ықпал етті. Оның ғылыми тәсілдері өз дәуіріне тән жаңашылдығымен және жоғары практикалық маңызымен ерекшеленді.
К.Б. Бабаев орынды айтқандай:
«Ешбір оқу орны толық білім бере алмайды деп есептейтін. Ғылым мен техника күн сайын алға жылжып келеді. Өмірден қалып қоймау үшін үнемі оқып, үйрену қажет», – деген болатын.
Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына ғұмырын арнаған ұлы ғалымдарға мәңгілік тағзым. Олардың еңбегі ұмытылмайды – жас ұрпақ бұл мұраны жалғастырып, ғылымды ғана емес, адами естелікті де сақтап келеді.