Ғылым тоғыстырады: Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі
Бүгін Алматыда ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының алаңында Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан келген делегацияның ресми сапары өтті. Бұл сапар 2025 жылғы маусымда Астанада өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінің шешімдеріне сәйкес ұйымдастырылып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадамға айналды.

Кездесу аясында тараптар бірлесіп жүзеге асыратын жобалар талқыланды. Негізгі бағыттар мыналар болды:
- цифрлық технологиялар,
- геоақпараттық жүйелер мен логистика,
- агротехнологиялар және тұрақты даму,
- кеңістік-уақытты қамтитын жасанды интеллект.
Күннің басты оқиғаларының бірі – дейін Алматыда ашылған Қазақстан-Қытай кеңістік-уақытты жасанды интеллект зертханасының ресми тұсаукесері болды. Бұл зертхана екі елдің жетекші ғалымдары мен сарапшыларын біріктіріп, табиғи ресурстарды мониторингтеуден бастап төтенше жағдайларды болжауға дейінгі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Сапар барысында Жасанды интеллект бойынша халықаралық институт құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл — Чжэцзян технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірлескен жобасы. Институт жылына 60-қа дейін студентті, соның ішінде Орталық Азия елдерінен келген жастарды қос диплом бағдарламалары бойынша оқытатын болады. Бұл — трансұлттық ойлай алатын жаңа буын ғалымдары мен әзірлеушілерін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев:
«Чжэцзян провинциясымен арадағы серіктестігіміз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Бұл тек технология алмасу емес – бұл ғылыми әлеует, сенім мен ортақ болашаққа деген көзқарастың бірігуі. Алматыдағы зертхана – үлкен жолдың бастауы».
Чжэцзян делегациясының құрамында университеттер мен ғылыми орталықтардың басшылары, жоғары технологиялық компаниялардың өкілдері болды. Қазақстан тарапынан Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері, академиктер, ректорлар, ғалымдар және бизнес өкілдері қатысты.
Қазақстан мен Қытай ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық маңызға ие бағыт ретінде қарастырады. Алдағы жылдары трансұлттық стартаптар іске қосылып, бірлескен ғылыми орталықтар құрылып, академиялық алмасу кеңейтіледі деп жоспарлануда.
Алматыда ғылым, технология және білім салалары тұрақты дамуға қызмет ететін болашақ Еуразиялық ғылыми-инновациялық кластердің берік негізі қаланды.
