ҒҰМЫРЫН ҒЫЛЫМҒА АРНАҒАН ЖАН ЕДІ
Ш. Бастаубаева, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС басқарма төрағасы
А. Ысқақов, биология ғылымдарының докторы
Өткен жылдың 11- қазанында бақилық болған әріптесімізден айырылып ғылым атты әлемде Айгүлсіз сапар шегіп келе жатқанымызға тура бір жыл толып отыр. Дана халқымыздың «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген адамды ізгі істерге бастайтын қанатты сөздері бар. Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға қызмет етуге арнаған белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы, агрономия профессоры Айгүл Ізтелеуқызы Абугалиеваны еске алғанда осы тәмсілдің шынайылығына тағы бір рет көз жеткізесің. Еліміздің агробиология ғылымына өзінің айшықты үлесін қосып, халықаралық аренада абыройын асқақтатып жүрген құрбымыз кенеттен қайтпас сапарға аттанғанда жаратқанның бұйрығына мойын сұнып, өзімізді өзіміз сабырға шақырдық, ғылым әлемінде осындай абзал жанмен тоғысып әріптес болғанымызға шүкіршілік қылдық, өзімізге жақсы ғалым тұлғасының қыр сырларын танып, өскелең жастарға үлгі қылып айтып жүруді парыз санадық, өстіп өзімізді жұбаттық. «Тектіден текті туады» деген халқымыздың тағы бір дана сөзінің де Айгүл Ізтілеуқызына қатысы бар. Ол 1959 жылы 20 тамызда белгілі ғалым, ғылымды ұйымдастырушы Ізтелеу Әбуғалиұлы Әбуғалиевтің отбасында дүниеге келді, ал нағашы атасы халқымыздың рухани өмірінде өзінің өшпес таңбасын қалдырған Елубай Өмірзақов. 1976 жылы Алмалыбақ ауылының орта мектебін бітірген болашақ ғалым С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл -Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) биология факультетіне түсіп, оны1981 жылы үздік бітіріп, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа тұрады, аспирантурасына түседі. Оның ғылымдағы жолбасшысы Одаққа танымал биохимик ғалым Юрий Викторович Перуанский болды, білікті ұстаз дарынды шәкіртінің ғылымның енді дамып келе жатқан жаңа қызықты саласын зерттеуге бағыт береді, молекулалық биология, биохимия және биотехнология саласы бойынша бағалы бидай дақылын зерттеген жас ғалым 1985 жылы М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғылым кандидаты деген дәреже алады, ал 1994 жылы селекция және тұқым шаруашылығы және биохимия бойынша докторлық диссартация қорғайды. Айгүл Ізтілеуқызының ғылымдағы өмірі Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми -зерттеу институтында өтіп, онда кіші ғылыми қызметкерден бастап институттың бас директорына дейін ғылымның барлық сатыларымен көтеріледі. Сондай ақ 1998 жылдан бастап ол ғылыми жұмысты оқытушылық жұмыспен де біріктіреді, ол Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (Алматы) селекция, тұқым шаруашылығы және биотехнология кафедрасының профессоры болды. Ол сондай – ақ ғылымды өндіріспен байланыстыруға да үлкен көңіл бөліпғ 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекеттік салық инспекциясының ауыл шаруашылығы дақылдарын сапалы бағалау мен сәйкестендіру жөніндегі орталық зертханасын да басқарады. Ұзақ уақыт бойы Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды. Айгүл Ізтелеуқызы әлемнің жетекші ғалымдарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысып, көптеген халықаралық конференцияларда баяндамалар жасады, түрлі сарапшылық кеңестер мен комиссияларға қатысты. 2001 жылы ол Жүгері мен бидайды жақсарту жөніндегі халықаралық орталықта (CIMMYT, Мексика), 2006 жылы Халықаралық ауылшаруашылық зерттеулер бойынша консультативтік топтың орталығында тағылымдамадан өтті. Ол Халықаралық Ғылым мен Ақпараттық Желінің мүшесі, астық сапасы бойынша сарапшы (CIMMYT-CAC, 1995 ж.), INTAS Ғылыми Кеңесінің мүшесі (ЕО, Бельгия, 2002-2006) болды. Қуаңшылық аймақтарда ауылшаруашылық зерттеулер орталығымен (ICARDA) тығыз байланыста болып, көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Айгүл Ізтелеуқызы ЕО INTAS, Дүниежүзілік банк пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, CIMMYT-GTZ-Қазақстан, Қазақстан-Австралия, ICARDA-FAO және тағы басқа жобаларға жетекшілік етті. Ол Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялауда молекулалық -генетикалық маркерлердің әр түрін қолдану бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысты. Қазақстандағы бидай дәнінің сапасына арналған Айгүл Ізтелеуқызының зерттеулерінде экспорттаушы елдердің талаптарына сәйкес оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін анықтауға ерекше орын берілген. Айгүл Ізтелеуқызы 2000 жылы құрылған және қазіргі уақытта Ресей мен Қазақстанда 22 асыл тұқымды бағдарламаны біріктіретін Қазақ-Сібір жаздық бидайды жақсарту желісінің (KASIB) табысты жұмыс істеуін ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. KASIB бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс жасауда. Соңғы жылдары ол бидайдың және оның туыстарының басқа түрлерімен алыстан будандастыруына байланысты бидайдың генетикалық әртүрлілігін (герплазмасын) кеңейтуге көп көңіл бөлді. Осы зерттеулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы үшін негізгі ауруларға төзімді және жоғары сапалы астыққа ие болашағы жоғары жоғары өнімді линиялар алынды. А.И. Абугалиева бидай бойынша халықаралық жобалар мен зерттеулерге, ірі форумдар мен конгрестерге қатысып, қазақстандық ғылымның жетістіктерін әлемде насихаттауға елеулі үлес қосты. 1992 жылдан бастап Айгүл Ізтелеуқызы Халықаралық астық ғылымы мен технологиясы қоғамының (ICC, Вена, Австрия) мүшесі, 2016 жылдан бастап өңдеу және сауықтыру үшін бидайдың сапасын жақсарту бойынша сараптамалық жұмыс тобының мүшесі. 2017–2019 жылдары А.И. Абугалиева жаздық бидайдың астық иономикасын зерттеу бойынша Еуропалық өсімдіктердің фенотиптік платформасы жобасын басқарды. Профессор А.И. Абугалиева «Шәкіртсіз ғалым тұл» деген қағидаға да ерекше мән беріп, ғылым жолындағы ізбасарларын дайындауға үлкен көңіл бөледі, ол бір ғылым докторын, сегіз ғылым кандидатын және екі PhD дайындады. Сонымен бірге зерттеу жұмыстары нәтижесін хатқа түсіруге де баса назар аударып, 800 -ден астам ғылыми жұмыстың, соның ішінде 9 монографияның, селекциялық жетістіктерге берілген 15 патент пен өнертабысқа берілген 4 патенттің және Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 35 сортының авторы атанады. Ол 2016 жылы Парижде шыққан Оңтүстік Қазақстанда бидай өсіру мен өсіру тарихына арналған әйгілі әлемдік бидай кітабының 3 -томына тарау жазды.Ғалымның еңбектері атаусыз қалмай әртүрлі сыйлықтармен марапатталған, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің (1986), Жастар одағы мен Қазақстан Республикасы кәсіпкерлер конгресінің (1995) лауреаты. Ғылым мен техниканың дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының (2000-2002 жж.), «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ «Парасат» сыйлығының иегері. Өсімдіктердің генетикалық ресурстар коллекциясын сақтаудағы ерекше еңбегі үшін ВИР академик Н.И. Вавилов (2012 ж., РФ) медалімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Тың жерлерді игеруге 60 жыл» медалімен (2014 ж.), «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» (2014 ж.) белгісімен марапатталады.Ғалымдығымен бірге Айгүл Ізтелеуқызы өзінің сүйікті жұмысына шынайы берілгендігімен ерекше еді, ол көпшілікке жанашыр, мейірімді бола білді, айналасын әзіл қалжыңымен, өзінің турашылдығымен баурап алатын. Өмірлік серігі биология ғылымдарының докторы Владимир Савиннен ерте айырылғанда мұқалмай рухани батылдық көрсетті, екі ұлды тәрбиелеп өсірді, үлкен ұлы Тимур Владимирұлы ғылым жолын таңдап ата -анасының лайықты ізбасары болып абыроймен қызмет етуде. Институтымыздың ұжымы Айгүл Ізтелеуқызының жарқын бейнесін қастерлеп, жақсы атын әрқашан құрметтейді және ол жасап кеткен еңбектерін болашақта лайықты түрде дамытуға күш салады.