Шілде 14, 2025
Соңғы жаңалықтар
«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламалары аясында оңтүстік өңірлерде жүргізілген ғылыми тәжірибелерді қабылдау жұмыстарын аяқтады.
Тәжірибелер Ы. Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Мақта-бақша шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базаларында жүргізілді. Бұл жұмыстарды үйлестіруші – алты ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша жауапты ұйым болып табылатын ҚЕжӨШҒЗИ.
Комиссия құрамында институттың бас ғылыми хатшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰАА академигі Баймағамбетова Қ.К. және қант қызылшасы зертханасының меңгерушісі, PhD докторы Табынбаева Л.К. болды. Мамандар тәжірибелік егістердің жағдайын, зерттеу әдістемесінің сақталуын және жоспарланған жұмыстардың орындалуын тексерді.
Қабылдау нәтижесінде барлық тәжірибелердің әдістемеге сай дұрыс салынғаны және есепке алуға жарамды екені анықталды. Жыл соңына дейін индикаторлық көрсеткіштердің орындалуында кідіріс болмайды деп болжануда.
Комиссия ерекше жауапкершілікпен және жоғары кәсібилікпен жұмыс істеген ғылыми жетекшілердің еңбегін атап өтті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тоқетова Л.А., ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сыдық Д., PhD докторы, қауымдастырылған профессор Махмаджанов С.П. жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, аймақтағы ғылыми ұйымдарға ортақ бірқатар мәселелер де тіркелді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасы мен зертханалық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі және ауыл шаруашылығы ғылымына жас мамандардың аз тартылуы өзекті мәселелер ретінде көтерілді.
ҚЕжӨШҒЗИ алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалар аясындағы ғылыми жобаларды үйлестіруді және өңірлік институттарға әдістемелік қолдау көрсетуді жалғастырады.
КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.