Шілде 9, 2025
Соңғы жаңалықтар
2025 жылдың 3–5 шілде күндері Ресей Федерациясының Волгоград облысында «Өсімдік шаруашылығы күні – 2025» атты ауқымды аграрлық іс-шара өтті. Іс-шараны Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырды. Ол Волгоград облысы, Среднеахтубин ауданы, Фрунзен ауылдық округіндегі Чердынцев шаруа қожалығының алаңында өткізілді.
Аталған шараға ҚЕжӨШҒЗИ атынан топырақтану және агрохимия зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мәлімбаева қатысты. Ол қазақстандық аграрлық ғылымды таныстырып, ресейлік және халықаралық әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Көрме 70 гектардан астам аумақта ұйымдастырылып, 300-ге жуық заманауи ауылшаруашылық техникасы, майлы, дәнді, көкөніс дақылдарының демонстрациялық егістіктері, отандық сұрыптар, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары ұсынылды. Шараға 85 мыңнан астам адам қатысты.
Форум аясындағы басты оқиға «Ақылды ауыл шаруашылығы: дамудың цифрлық құралдары» тақырыбындағы пленарлық отырыс болды. Отырысты Ресей Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут жүргізді. Онда аграрлық саланы цифрландыру, жасанды интеллект және дәл егіншілік технологияларын қолдану мәселелері қарастырылды.
Ғылыми және іскерлік бағытпен қатар, көрмеде мәдени-ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды: эстрада жұлдыздарының концерті, ат үстіндегі қойылымдар, өңірлік өнімдер жәрмеңкесі, балаларға арналған трактор-ралли сынды түрлі шаралар өтті.
Алмагүл Мәлімбаеваның бұл халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысуы ҚЕжӨШҒЗИ -дің аграрлық ғылымдағы белсенді ұстанымын және отандық ауыл шаруашылығына заманауи тәжірибелерді енгізуге деген ынтасын көрсетеді.
КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.