Yearly Archives: 2021

269799577_4780018335391320_3738646891612142967_n

ҚАЗЕӨҒЗИ–да КҮЗДІК ДАҚЫЛДАРҒА ЕКІНШІ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

2021 жылғы 23 желтоқсанда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының күздік егістігіне (бидай, тритикале, арпа, рапс) дақылдарының жай-күйін анықтауға арналған екінші мониторинг жүргізілді. Күздік бидайдың «Жетісу», «Стекловидная 24», «Мереке 70», тритикаленің «Таза», «Азиада», күздік арпаның «Айдын» және т.б. сорттары егілген өндірістік алқаптарда, сондай-ақ селекциялық материалдар егілген ғылыми тәлімбақтарда және демонстрациялық телімдерде өсімдіктердің даму кезеңдері белгіленді.Қазіргі уақытта күздік дақылдарда өсімдіктердің биологиялық шынығу процестері жүріп жатыр. Бұл кезде өсімдіктерде фотосинтез тоқтап, гидролиз (жоғары молекулалы заттардың ыдырауы) және олардың еритін қантқа айналуы күшейеді. Бұл процесс дәнді дақылдардың суыққа және аязға төзімділігін арттырады. Шыныққаннан кейін түптену түйіні аймағында жұмсақ күздік бидай мен күздік тритикале қар астында -16-дан -20 ° C-қа дейінгі аязға, ал қатты күздік бидай -15 ° C шамасында шыдайды.Дегенмен, қар жамылғысы болмаған жағдайда, осы айдың салыстырмалы түрде жылы ауа-райы -7 ° C-тан + 6 ° C-қа дейін өзгеруі өсімдіктердің дамуына теріс әсер етеді.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

269852263_4620022231414894_1167712772721588991_n

ҚАЗАҚ ЕГІНШІЛІК ЖӘНЕ ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИНАЛЫСҚА ҚАТЫСТЫ


Алматы облысының ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының орны ерекше. Институт жыл сайын облыстағы 40-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарады.Бүгінде институтымыздың ғалымдары шығарған 125 сорт пен будан Алматы облысының өндірісінде пайдалануға рұқсат етілген, оның ішінде 52 – бидай, арпа, сұлы сорттары, 16 – жүгері буданы, 12 – майбұршақ (соя) сорты, 4 – қант қызылша буданы және 41 – мал азықтық дақылдардың сорттары бар.Ағымдағы жылы ауылшаруашылық дақылдарын инновациялық технологиялармен өсіру бойынша Алматы облысындағы 6 шаруашылықтың 140 га егістік алқабында көрмелік танаптар орналастырылды.Облыстағы 97 фермердің қатыстырылуымен 3 танаптық семинар-кеңес ұйымдастырылып, 48 фермерге ғылыми-әдістемелік кеңес берілді.

262411221_4696858490373972_5672429953131320905_n

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Бүгін, 2021 жылы 1 желтоқсанда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында («ҚазЕӨҒЗИ» ЖШС) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға «НАНОЦ» КЕАҚ басқарма төрайымы Г.С.Исаева қатысты. Гүлмира Сұлтанбайқызы институт ұжымын мерекемен шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер мен табыстар тіледі. «ҚазЕӨҒЗИ» ЖШС басқарма төрайымы Бастаубаева Ш.О. және «НАНОЦ» КЕАҚ басқарма төрайымы Исаева Г.С Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мемориалдық монумент астына капсула қойды, академиктер Р.А. Оразалиев пен Г.Т. Мейірманмен бірге институттың ғылыми тәлімбағында отырғызылған 30 шыршаны қарап шықты.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

261329179_4690373604355794_4116219001874910227_n

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТРИТИКАЛЕ ДАҚЫЛЫНЫҢ ОТАНДЫҚ СОРТТАРЫ

Қазақстанда тритикале селекциясы 1970 жылы академик Оразалиев Рақым Алмабекұлының жетекшілігімен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (ҚазЕӨҒЗИ) басталды, кейін бұл жерде жемдік және нан пісіруге арналған күздік және жаздық тритикаленің көптеген сорттары шығарылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында күздік тритикаленің ТАЗА, АЗИАДА, ҚОЖА және ЗЕРНОКОРМОВОЕ 5 сорттарын өндірісте қолдануға рұқсат етілген. Сондай-ақ күздік тритикаленің БАРУ және жаздық тритикаленің УКАЗ сорттары мемлекеттік сортсынаққа берілген.
Құрамында крахмалы жоғары, ең бастысы егін өнімділігі мол болғандықтан, тритикале химия-технологиялық өнеркәсібі (биоэтанол, метанол, биодизель, спирт және басқа да туындылар) үшін тамаша шикізат болып табылады. Тритикаленің жоғары өнімі негізгі қоректік заттардың ақуыз, крахмал және т.б. көп мөлшерін қалыптастыруға ықпал етеді. Әлемде тритикале өнімдері мал шаруашылығында ерте жасыл жем, сүрлем, пішендеме және т.б. ретінде өте табысты қолданылады.
Қазақстанда диқандардың тритикале дақылына деген қызығушылығы артып келеді, бұл дақылдың күздік сорттары Алматы облысының Сарқанд ауданында өндіріске енгізуде. «Байсерке-Агро» ЖШС-де әр жылдары орташа егін түсімі тәлімі жерде гектарына 45 центнерден, жүйелі суару жағдайында 116 ц/га-ға дейін жетті. Сарқанд ауданындағы «Азия-Голд» және Райымбек ауданындағы «Айғайтас» шаруашылықтарында мол алқаптарға егілуде. Бұл дақылға сұраныс еліміздің барлық оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында артып келеді. Республиканың солтүстігіне де қызығушылық бар.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

260549466_4677999055593249_5245423408418872965_n

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА – 30 АҒАШ ЕГУ

Бүгін 2021 жылы 25 қарашада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында тарихта қалатын маңызды іс-шара өткізілді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай институттың ғылыми тәжірибе алқабында 30 шырша ағашы салтанатты жағдайда егілді. Арнаулы тәлімбақтан алынған бойы 2,5-3 м болатын көгілдір шыршаның Глаука сортын егуге институттың өркендеуіне көп үлес қосқан ардагерлер, жетекші ғалымдар, ғылыми зертханалар мен бөлімдердің меңгерушілері, ауыл жетекшілері, журналистер шақырылды.Бұл айтулы іс-шара институт егістігінде 100 гектар жерді суаруға арналған екі ұңғыманың (скважинаның) іске қосылуымен тұспа тұс келді. 250 және 230 метр тереңдіктен шығарылған тұщы су биылдан бастап институттың ғылыми және өндірістік алқаптарын сумен қамтамасыз ететін болады. Аталған жұмысты «Тескенсу» компаниясы абыроймен орындап шықты.Іс-шара басында институттың басқарма басшысы Бастаубаева Шолпан Оразқызы бұл істің маңыздылығын атай отырып, жақын арада жақсы шара жалғасын табатынын жеткізді. Содан соң институт ардагерлері Ибраев Нұртаза Ибрайұлы, Оразалиев Рақым Алмабекұлы, Кененбаев Серік Барменбекұлы және басқа да мамандар өздерінің ігі тілектерін жолдады. 13 түп шыршаны егу құрметі институт ардагерлері мен жетекші ғалымдарға берілді, қалған 17 түп шыршаны егуді институттың ғылыми зертханалары мен қызмет бөлімдерінің жетекшілері, сондай-ақ жас мамандар жалғастырды.Жиынға қатысушылар 250 метрлік ұңғымадан шыққан тұщы суды тамашалап, дәмін татып көрді.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

255441642_4626015344124954_6844942664471940727_n

КҮЗДІК БИДАЙ ЕГІСТІГІНЕ АЛҒАШҚЫ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Биылғы жылы институт алқаптарында күзгі жауын-шашынның болмауына байланысты күздік дақылдарды себу қазан айының басындағы жауын-шашыннан кейін, сондай-ақ ғылыми егістік алқаптарды жасанды суарудан кейін, қабылданған мерзімнен 2-3 апта кешіктіріліп жүргізілді. Қараша айының басында ауа райының -20 °C-қа дейін қатты салқындауы және қар түріндегі жауын-шашынның түсуі егіннің жай-күйіне алаңдаушылық туғызған болатын.2021 жылғы 9 қарашада Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-де күздік бидай дақылдарының жай-күйіне мониторинг жүргізілді. Жетісу, Стекловидная 24, Мереке 70 және басқа сорттар егілген өндірістік алқаптарда, сондай-ақ селекциялық материалдар, тұқым көбейту және демонстрациялық питомниктерде қар астында бидай өскіндері байқалды. Кейбір өскіндер түптену кезеңіне өтуде, ал кейбір кеш егілген питомниктерде алғашқы өскіндер анықталды. Алдағы күндердің жылы ауа-райы және 6-8 сантиметрлік қар жамылғысы бұл өскіндердің одан әрі дамып, нығаюына ықпал етеді.

Автор: Рсалиев Шынболат Сырашұлы, дәнді дақылдар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы

249474651_4589918937734595_5994531322158090150_n

«ОҢТҮСТІК АГРОПАРКІНІҢ» КӨРСЕТУ ПОЛИГОНЫНДА КҮЗДІК БИДАЙ ТҰҚЫМЫ ЕГІЛДІ

«Оңтүстік Агропаркі» жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын, озық агротехнологияларды, фитосанитарлық, цифрлық шешімдерді, ұтымды басқару тәжірибесін және өсімдік шаруашылығындағы басқа да жетістіктерді көрсететін, сынақтан өткізетін және енгізетін негізгі демонстрациялық алаң болып табылатыны белгілі. Қазіргі уақытта «Оңтүстік Агропаркінде» НАНОЦ жүйесінің ғылыми-зерттеу институттарының конорциумы жұмыс істейді.Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары «Оңтүстік Агропаркінде» күздік бидайдың отандық және шетелдік сорттарын сынау және көрсету мақсатында демонстрациялық тәлімбақ құрды, онда жергілікті сорттармен (Стекловидная 24, Мереке 70, Мамыр және т.б.) бірге Францияның (Евклид, Флоримон Депре) және Ресей сорттары (Безостая 100, Алексейич, Тихон) егілді. Әр сорттың егіс алаңы 1 гектар шамасында. Осындай өндіріске бейімделген жағдайда күздік бидайдың шаруашылық-құнды белгілерін салыстыра отырып, одан әрі өндіріске енгізу бағытында және тұқым көбейту үшін ең жақсы сорттарды таңдап алуға болады.​


ҚАРОЙ СТАЦИОНАРЫНДА КҮЗДІК БИДАЙДЫҢ ТҰҚЫМЫН СЕБУ АЯҚТАЛДЫ

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Қарой» стационарында күздік бидайдың селекциялық нөмірлерін себу аяқталды. «Қарой» стационары аудан орталығынан 45 шақырым жерде Қарағанды тас жолының бойында орналасқан және дәнді дықылдарды құрғақшылыққа төзімділігі бойынша сұрыптауға арналған негізгі орын болып табылады. Бұл тәлімбақта әр жылдары отандық селекцияның ерекше сорттары – күздік бидайдың ыстыққа және құрғақшылыққа төзімді «Богарная 56», «Стекловидная 24» т.б. сорттары шығарылған.Ағымдағы жылы стационарда құрғақшылыққа төзімді бидай сорттарын (СП1, Ф1, ПСИ, КП, СП2, КСИ) сұрыптауға арналған барлық селекциялық тәлімбақтар, сондай-ақ күздік бидайдың отандық және шетелдік (Ресей, Франция) сорттарды зерттеуге арналған тәлімбақ құрылды. Тұқым себу үшін навигациялық жүйемен жабдықталған «Юто» тракторына жегілген Австрияның «Винтерштайгер» арнаулы селекциялық сепкіші қолданылды. Бұл жүйе тіпті қараңғыда да тұқымды дәл себуге мүмкіндік береді.

ҚАЗЕжӨШҒЗИ-Да КҮЗДІК ДАҚЫЛДАРДЫ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бұл күндері Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекциялық тәлімбақтарында күздік бидай, күздік тритикале мен күздік арпа егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Егіс үшін арнайы навигациялық егу жүйесімен жабдықталған селекциялық сепкіштер Wintersteiger, Австрия Uto тракторымен, сондай-ақ Байқоңыр тракторына жалғанған Бразилиялық тұқым сепкіш Vens Tudo қолданылады. Көптен күткен жаңбырдан кейін ашық шуақты күндер күздік дәнді дақылдардың селекциясы мен тұқым шаруашылығы үшін егін егуге жақсы жағдай жасауда.

244630830_4543251379068018_7743041584754895047_n

Қант қызылшасын жинау басталды

Бүгін, 2021 жылы 13 қазанда, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қант қызылшасын жинау жұмысы басталды. Институтта ғылыми жобалар аясында бұл дақыл бірнеше телімдерде егілген болатын, оның ішінде монодақыл стационарында агрохимиялық тәжірибелер, селекциялық стационарда жаңа будан шығару және тұқым өндіру бойынша зерттеулер жүргізілуде. Осы жұмыстардың бәрі қант қызылшасын жинап, зерттеп, қажетті тамыржемістерін сақтауды қажет етеді. Институт басшылығының ұйымдастыруымен жалпы сенбілік ретінде жүргізілген қант қызылшасын жинау жұмысына ұжымның 100-ден аса қызметкері қатысты. Институттың шаруашылық бөлімі дайындаған түскі асты таза ауада ашық аспан астында ішкен қызметкерлер кешке дейін жоспарланған шаруаны орындап үлгірді.

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

Dark Mode
X