Последние новости

Соңғы жаңалықтар

22.05.2024

Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір

Dark Mode

Жамбыл облысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында, жуырда Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Ұлттық академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында өңірлік ғылымды дамыту мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар вице-министрлері, ҚР Парламенттің қос палатасының депутаттары, ҰАҒББО АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Ғылым қоры» АҚ, ЖОО және ҒЗИ бірінші басшылары, өңірлік бизнес субъектілерінің басшылары, стейкхолдерлер, жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өңірлік ғылымды дамыту өндіріске инновацияларды енгізудің және әлемнің жетекші экономикалық державаларына өндірісті қысқа мерзімде техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды қамтамасыз етуге, дамуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев алқалы жиында бірқатар ұсыныс айтып, сөз алды.

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауының арқасында отандық ғылымды дамыту бойынша елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды іс-шаралар қабылдануда. Ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны экономика мен қоғамның озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін біз ғылыми-зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құруымыз керек. Бұл тұрғыда өңірлік ғылымды дамыту – ғылым мен экономиканың нақты секторының байланысын нығайтудың негізгі факторы.

Өкінішке қарай, Қазақстанда өңірлік ғылымды дамыту мәселелері іс жүзінде назардан тыс қалды әрі мұнда елеулі диспропорция байқалады. Аймақтық ғылым жүйесінде зерттеуші ғалымдардың тек 35%-ы жұмыс істейді. Нәтижесінде, барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландырудың 75%-ы Алматы және Астана қалаларына тиесілі. Жергілікті бюджеттерден ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен, оның үлесі 2023 жылы Ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың 0,4% ғана құрады. Еліміздің 10 өңірінде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді. Екінші жағынан, жергілікті жерлерде білімді тарату жүйесі іс жүзінде жоқ. Ғылым нақты сектордың проблемаларын білмейді, ал бизнес ғалымдардың мүмкіндіктерін білмейді. Өңірлік ғылымды дамыту проблемаларын шешуде және оның өндіріспен байланысын нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың да рөлі өте төмен. 

АҚШ-та әрбір штатта дерлік ірі зерттеу университеттері, өңірлік ғылыми орталықтар бар, олар сол өңірдің  экономикасын дамытудың инновациялық орталығы,  «ми хабы» болып саналады. Олардың жұмысын тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылыми қамтамасыз етудің бұндай өңірлік жүйесі жоқ,- деді А.Күрішбаев.

Енді өңірдің ғылыми ұйымдарын басқаруына, жергілікті жерлерде білім тарату орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың рөліне ерекше назар аударылатын болады. Сонымен қорытындылай келе, Ұлттық ғылым академиясы жоғарыда аталған іс-шараларды Жамбыл облысының аймағында пилоттық режимде жүзеге асыруды және оны кейіннен еліміздің барлық өңірінде іске асыруды ұсынды.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма Төрағасы Шолпан Оразовна Бастаубаева «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбы бойынша ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысында баяндама жасады.

-Қазақстан – аграрлық мемлекет екендігі баршаңызға белгілі, осы орайда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысына қатысуға мүмкіндік бергендеріңізге алғысымды білдіремін!

«Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешені өнімділігін арттыруға бағытталған Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетістіктері» атты баяндамамда ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу қажеттігі, оның тиімділігі туралы айтатын боламын.

Ғылым жетістіктері – Өндіріске

Ғылымның дамуы іргелі және қолданбалы зерттеулерді ұштастыра келе, оның нәтижесін өндіріске енгізумен толық циклды қамтуы тиіс.

Бұл салада тоқсан жылдық тарихы бар Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты агроғылым саласында өзіндік орны бар, жетекші мекеме екендігі сөзсіз.

Мұның айғағы:

— біріншіден кадр әлеуеті, яғни жалпы 305 қызметкердің 94-і ғылыми қызметкерлер, оның ішінде 51-і ғылыми дәрежесі бар ғалымдар;

— екіншіден ғылыми зерттеулер жүргізуге және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сапалы қамтамасыз етуде 3 300 гектар егістік алқап бар;

— үшіншіден институт жыл сайын 3 500 тонна ауылшаруашылық дақылдарының кондициялы, сапалы тұқымын өндіреді;

— өндіріске енгізуге дайын егістік дақылдардың сорттары мен будандары және оларды өсіру агротехнологиялары бойынша 200-ден астам ғылыми әзірлемелер;

— институттың зияткерлік меншік құқығының әлеуеті жоғары.

Осы слайдта көрініп тұрғандай, институт селекционерлері шығарған сорттар мен будандардың 64-і осы Жамбыл облысындағы шаруашылықтардың өндірісінде өсіруге ұсынылған.

Жыл сайын суғармалы судың азаюы – бұл табиғи құбылыс және мемлекетіміз су ресурстары бойынша көршілес елдерге тәуелді екендігі баршамызға мәлім. Осы орайда ғалымдарымыз құрғақшылыққа төзімді сорттарды шығарумен қатар, су үнемдеу, ылғал сақтау сияқты агротехнологияларды да зерттеп, нәтижелерімен бөлісіп келеді.

Тамшылатып, спринкерлі, дискретті және тағы басқа суғару әдістері бойынша, ылғал сақтау технологиялары бойынша, сонымен бүгінгі таңда экологиялық өнім өндіру өзектілігіне байланысты органикалық егіншілік бойынша мәліметтер осы слайдта келтірілген.

Барлық агротехнологиялық іс-шараларды сақтай отырып, тамшылатып суғаруда қызылшадан 100 тоннадан астам өнім алу, топырақты өңдеу әдістерін тиімді пайдалануда дәнді дақылдардан тұрақты 70 центнерге дейін өнім алу мүмкіндіктері әзірленген.

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі тәлімі аймақта өсірілетін басты дақыл – ол күздік бидай. Қазіргі таңда статистикалық мәліметтер бойынша республика бойынша 580 мыңға жуық гектар егістікті құрайды, және мұның 79 пайызы оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің үлесіне тиесілі және осы егістердің 85 пайызы біздің институт ғалымдары шығарған сорттармен себіледі.

Тұқым шаруашылығын дамыту

Шығарылған сорттарды әрі қарай өндіріске жеткізудің басты жолы бірінші кезекте тұқым шаруашылығын тиімді ұйымдастыра білу.

Бүгінде институтта тұқым өңдейтін 3 желі жұмыс жасайды:

  • Мал азықтық және майлы дақылдар бойынша;
  • Астық дақылдары бойынша;
  • және қант қызылшасы бойынша кіші тізбек.

Жоғарыдағы суретте былтыр жыл соңында іске қосылған Ғылым қоры гранты есебінен салынған жаңа зауыт. Осы желілерді тиімді пайдалану арқасында тұқымды тазалау барысында сорттық тазалығы сақталады.

Институт бірегей және элиталы тұқымдарды өндіреді, мына слайдта негізгі дақылдар бойынша тұқым өндіріс көлемі берілген, былтырғы жылы «Агропарк «Оңтүстік» жауапкерлішігі шектеулі серіктестігі қосылуына байланысты кейбір дақылдар бойынша тұқым өндірісі 5 есеге дейін өсуі жоспарлануда.

Сонымен қатар, айта кету керек, институт материалды-техникалық базаны жаңарту мәселесіне де көңіл бөледі, бұл орайда Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылары үлкен рақмет.

Алдағы 5 жылдықта мемлекеттік инвестициялық жоба аясында 5 миллиард теңгеден астам қаржыға жаңа ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алу қарастырылған.

Ендігі тағы бір жоспарымыз институтта жүгерінің ата-аналық формаларының жоғары сапалы тұқымын өңдейтін зауыт салу.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы сайып келгенде еліміздегі фермерлерді сапалы отандық тұқыммен қамтамасыз ету болып табылады.

Қант өнеркәсібі

Елімізде қант тапшылығы бар, оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлыда қант қызылшасының тұқыммен қамтылу деңгейі 5 пайыздан аспайтындығы туралы бірнеше рет көтерді.

Қазақстанда қант қызылшасының егіс алқабын 2028 жылы 24 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған, ал биылғы жылы Жамбыл облысындағы «тәтті түбір» егіс алқабы 10,8 мың гектарды құрамақ.

Институт бұл салада да зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 15 будан шығарды, оның 8-і мемлекеттік сорт сынау нәтижесінде өндіріске ұсынылды.

Осы орайда айта кеткен жөн, негізі қызылша өніміне будандың қосар үлесі 30 пайыз ғана, қалғаны агротехникалық іс-шаралар мен өсіру орны және тағы да басқа факторларға байланысты. Сондықтан алдарыңызға шаруашылықтың кішілі немесе үлкендігіне қарай ауыспалы егіс жүйесін ұсынып отырмыз. Себебі қызылшаны бір егісте қайталап өсіруге ғалымдар ұсынбайды, бәріңізге белгілі тамыр шірігі ауруы қатты дамып кетеді.

Биылғы жылы Жетісу облысындағы шаруашылықта Флоримен Депре, КВС, Сингента және басқа да шетелдік тұқымдармен қатар қызылшаның Шекер буданы 2 гектар жерге егілді. Мұнда бағасы бойынша үлкен айырмашылықты атап өтуге болады: дражерленген бір себу бірлігі (1 посевная единица) шетелдік тұқым 150 мыңнан басталып, бүкіл химикаттарымен қоса алынған кезде 350 мыңға дейін, ал біздің отандық тұқым 20 мың теңге.

Осы көрмелік алқапта жаз айында қант қызылшасы бойынша республикалық деңгейде жиын өтуі жоспарлануда. Нәтижесі бойынша қазіргі таңда еш айырмашылық байқалмады, шығымы бірдей, өнім мен сапалық көрсеткіштері алынғанда, сонымен қатар экономиалық тиімділігін анықтағанда тағы бір қорытынды жасайтын боламыз.

Көрмелік алқапты ұйымдастыру

Ғылым жетістіктерін өндіріске жеткізудің жылдам жолы – ол нақты шаруашылық базасында көрмелік алқап ұйымдастыру, себебі фермерлер институт алқабына қарағанда шаруашылықтың өндірісінде өсіп тұрған сортты көргенде сенімі арта түседі.

Институттың оңтүстік өңірлерде 1000 гектардан астам көрме алаңдары болды, нақты осы облыста біздің өзіміздің Жамбыл филиалымыздан басқа «Сыпатай Батыр» және «Қайнар Агро» шаруашылықтарында 87 гектарда, яғни суармалы және тәлімі аймақ жағдайында орналастырылды. 019 бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар бойынша бұл шаруашылықтар өздеріне қажетті деген сорттарды өз жағдайында таңдап алды және бүгінде тұқым шаруашылығын дамыту үстінде.

Өкініштісі, былтырғы жылы Жамбыл облысында 8 элиталы шаруашылық, оның 5-еуі біздің институт өсіретін егіс дақылдармен айналысатын болса, биылғы таңда 5-элиталы шаруашылықтың тек дәнді дақылдар бойынша бір ғана «Сыпатай Батыр» шаруашылығы элиталық тұқым өсіруші мәртебесіне ие, қалғандары жеміс ағаштары, көкөніс дақылдары. Жалғыз шаруашылық қаншалықты деңгейде тұқым өсіруші шаруашылықтардыды тұқыммен қамтамасыз ете алатындығы белгісіз, яғни тұқым шаруашылығы үлгісі бұзылатын сияқты.

Ғылым – Білім тарату – Өндіріс

Бұл слайдта жоғарыда аталған Сыпатай Батыр және Қайнар Агро шаруашылықтарында облыстық 019 бағдарлама аясында институт ғалымдары атқарған іс-шараларды көрсетіп отырмын. «Ғылым – білім тарату – өндіріс» процесі ұштасқан, кешенді жұмыс атқарды. Ғалымдар егістік алқапты таңдау жұмысынан бастап, агротехникалық іс-шараларға қатысып, кеңестерін беріп, оқыту жұмыстарына дейін ұйымдастырды.

Жоба аясында семинар-кеңес өткізіп, фермерлермен пікір алмасу, талқылау болды. Ғалымдар тарапынан дәнді дақылдар бойынша ұсыныс кітапшалары әзірленіп, таратылды.

Қорыта айтқанда, 019 жобасының ғылым жетістіктерін өндіріске енгізудегі рөлі жоғары, сондықтан бұл жұмысты жандандыру қажет.

Жоспарлы жұмыстар

Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуда әлі де бірлескен жұмыстар атқару қажетпіз. Фермерлерге кеңес беру, оқыту, өндіріс жағдайында көрсету іс-шараларын дамыту керек.

Сондықтан алдағы уақытта:

  • дақылдардың жаңа сорттары, оларды өсіру ерекшеліктері бойынша суармалы және тәлімі көрме алқаптарда практикалық тәжірибе беру;
  • өңірлік фермерлерге өсімдік шаруашылығын әртараптандыру қажеттігі туралы түсініктеме беру, нарықта сұранысқа ие, суды аз талап ететін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды, олардың сорттарын өсіру жөнінде ұсыныстар беру, себебі шаруашылықтар дәстүрлі дақылдарды өсірумен ғана шектелген;
  • элиталық тұқым өсіруші шаруашылықтарға егістіктің сұрыптық таза сақтау қажеттігін, апробация жүргізу жұмыстары бойынша ғылыми-әдістемелік көмек көрсету;
  • бұл үшін дақылдар бойынша апробаторларды дайындау қажет, оларға теориялық оқу сабақтарын ұйымдастырып, өндірістік жағдайда орындалуы туралы практикалық тұрғыда көрсету керек.

— Баяндама барысында айтылған іс-шараларды облыспен, өңірдегі шаруашылықтармен бірге орындау арқылы ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға болады — деді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма Төрағасы Шолпан Оразовна Бастаубаева.


 

Comment Form

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

Dark Mode
X