Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жаңа технологиялары: Ғалымдардың семинар-тренингі
2025 жылы ақпан айының 6-7 күндері Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандарында бірқатар семинар-тренингтер өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларын жетілдіру, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу және жергілікті шаруа қожалықтарының егіс жұмыстарына дайындықтарын арттыру болды.

Семинар-тренинг тақырыбы «Алматы облысы Кеген және Райымбек аудандарының жағдайларында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясы».
Семинардың күн тәртібінде қатысушыларға әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің заманауи тәсілдері ұсынылды. Дәріскерлер ретінде ғылыми орта мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тәжірибелі мамандары сөз алды. Атап айтқанда, ЖШС Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми зертеу институтың Басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы ғылымының академигі Шолпан Бастаубаева «Интеграциялық өзара әрекеттесу стратегиясы» және органикалық егіншіліктегі жаңа технологиялар туралы айтып берді. ҚР ҰҒА академигі, а/ш ғылымының докторы, профессор, бас ғылыми қызметкер Серік Кененбаев топырақтың қоректік заттары мен ауа райының әсерін ескере отырып, минералды тыңайтқыштарды ұтымды қолдану жолдарын түсіндірді.

Сонымен қатар, а/ш ғылымының докторы, профессор, жаздық және факультативті бидай тобының жетекшісі Исатай Нурпейсов факультативті бидайдың қолдану әдістемелері мен экономикалық тиімділігін атап өтсе, а/ш ғылымының кандидаты, ауыл шаруашылығы зертханасының менгерушісі Рауан Жапаев Алматы облысында жаздық бидай мен арпа өсірудің ерекшеліктерін ғылыми негізде көрсетті. Семинардың аясында тыңдармандарға ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын және олардың тиімді әдістерін енгізу бойынша кеңес берілді.
Семинарда сөз алған ғалымдардың баяндамалары тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

А/ш ғылымдарының кандидаты, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасының инновация жөніндегі орынбасары Серік Абаев өз баяндамасында «Тұқымдық және жемдік үшін эспарцет өсіру ерекшеліктері» тақырыбына терең тоқталды. Оның айтуынша, эспарцет тұқымының сапасын арттыру, сонымен қатар оны жемдік мақсатта тиімді пайдалану — ауыл шаруашылығының дамуындағы маңызды қадам.
Ал Асқар Баймуратов, а/ш ғылымдарының кандидаты және дәнді мал азықтық дақылдар зертханасының меңгерушісі, Алматы облысы жағдайында жемдік дәнді дақылдардың жаңа сорттарын өсіру және оларды баптау технологиясын таныстырды. Оның ғылыми жұмыстары ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен өнімділікті арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарды қамтыды.

Сондай-ақ, Жарас Мамырбеков, а/ш ғылымдарының докторы және Қазақ бау-бақша және картоп ҒЗИ филиалының директоры, картопты өсіру технологиясы мен жаңа сорттарды зерттеу бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ол картоп өндірісіндегі жаңашылдықтар мен тиімді әдістерді талқылады.
Семинарды қорытындылаған Сейткарим Калтаев, Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтының білім тарату орталығының басшысы, ауыл шаруашылығындағы білімді таратудың қазіргі әлемдік тенденцияларын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ғылыми білімдерді өндіріске енгізу мен аграрлық саланы жаңғыртудағы басты кілт — тиімді ақпараттық жүйелер мен білім беру орталықтарының рөлі артып келеді.

Бұл ғалымдардың баяндамалары ауыл шаруашылығын жетілдіру жолында тың серпін беріп, жергілікті шаруашылықтардың дамуына ғылыми негізде қолдау көрсетуді мақсат етеді.
Семинар тек ауыл шаруашылығына жаңа серпін беріп қана қоймай, Кеген және Райымбек аудандарындағы шаруашылықтардың даму деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды қадам болды.
