Бизнес және ғылым: Қазақстандағы органикалық ауыл шаруашылығының болашағы
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Ресей ғылым академиясымен бірлесіп, 2025 жылғы 27 қарашада «EXPO – Агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар» атты Халықаралық көрмені өткізді. Іс-шара 2025 жылғы 2 сәуірде ресми түрде ашылған Қазақстан–Ресей агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар орталығының қызметі аясында ұйымдастырылды.

Көрме Қазақстан мен Ресейдің аграрлық секторындағы заманауи ғылыми жетістіктерді, инновациялық шешімдер мен практикалық әзірлемелерді таныстырған маңызды алаң болды. Көрменің негізгі мақсаты – ғылым мен бизнестің ықпалдастығын күшейту, озық технологияларды ілгерілету және саладағы өзекті мәселелер бойынша ортақ ұсыныстар әзірлеу.
FAO деректеріне сәйкес, әлемде 800 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығын сезінуде, ал 2050 жылға қарай дүниежүзілік өнім өндірісін кемінде 50%-ға арттыру қажет. Осындай жаһандық жағдайларда көрме агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталды. Инновациялар, механизация және цифрландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың негізгі факторлары ретінде ерекше назарда болды.
Казахстан мен Ресей жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық серіктес әрі маңызды қатысушылар саналады. Екіжақты ынтымақтастықтың күшеюі заманауи, жоғары технологиялы және ғылымға негізделген аграрлық саланы дамытуға ықпал етті.

Көрме аясында пленарлық отырыс пен төрт бағыт бойынша секциялық конференциялар өтті. Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары, сарапшылары және агробизнес өкілдері өз әзірлемелерін ұсынып, тәжірибе алмасып, болашақтағы өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Секциялық жұмыстар өсімдік шаруашылығы мен жер өңдеу, оның ішінде геномдық селекция және тұрақты егіншілік; мал шаруашылығы және ветеринария; ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу; су ресурстарын басқару және заманауи су үнемдеу технологияларын қамтыды.
Қазақстан–Ресей озық технологиялар орталығы бірқатар бірлескен ғылыми жобалардың бастамашысы болды. Соның бірі – А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы орталығы базасында ашылған «Kaz Agro Carbon» айна карбон полигоны. Мұнда көміртек балансын бағалау және парниктік газдар шығарындыларын азайту технологиялары бойынша зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар 1 желтоқсанда Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында Мичурин бағының ресми ашылуы жоспарлануда. Баққа 600-ден астам ресейлік перспективалы жеміс дақылдарының сорттары отырғызылып, елдің жеміс шаруашылығындағы генетикалық әртүрлілік пен тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді.

Көрменің мақсатты аудиториясы ауыл шаруашылығы өндірушілерін, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтарды, ғылыми-білім беру мекемелерін, зерттеу орталықтарын, технологиялық компаниялар мен стартаптарды, инвестициялық қорлар мен қаржы институттарын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен серіктестерді қамтыды.
Қазақстанның аграрлық саласы климаттың өзгеруі, топырақ деградациясы, су ресурстарының азаюы және экологиялық таза өнімге сұраныстың артуы сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болуда. Осындай жағдайда бизнес, ғылым және мемлекеттік институттар органикалық, биологиялық негізделген және экспортқа бағытталған жаңа аграрлық модель қалыптастыру үшін бірігуде.
Жиында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев А.К. және «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева агросекторды дамытудың негізгі стратегиялық бағыттарын атап өтіп, селекциялық ғылымды жаңғыртудың, инновациялық технологияларды енгізудің және ғылым мен агробизнес арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығын жеткізді.
Өз сөзінде Күрішбаев А.К. биологиялық және тұрақты егіншілікке көшу – елдің стратегиялық таңдауы екенін атап өтті. Бұл бағыт азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, климаттық өзгерістерге бейімделуге және қазақстандық өнімді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ол тефф, тары, полба, тритикале, камут, көпжылдық бидай, сорго, чиа сияқты құрғақшылыққа төзімді құндылығы жоғары дақылдарды кеңінен енгізудің маңызын айтты.

Сондай-ақ биотикалық және абиотикалық стрессорларға төзімді, жоғары өнімді және нутрицевтикалық құндылығы жоғары жаңа сорттарды шығару қажеттігі аталды. Климатқа бейімделген ауыспалы егістер, топырақ құнарлылығын арттыратын биологиялық әдістер және өсімдіктердің биологиялық қорғаныс жүйелері де негізгі басымдықтар қатарында.
Ауыл шаруашылық және дәрілік шикізатты терең өңдеу, функционалды тамақ өнімдері мен экстракттар өндіру әлеуеті кеңінен атап өтілді. Мал шаруашылығында органикалық жемшөп өндірісін дамыту және қымыз, шұбат, құрт, қазы, шұжық сияқты ұлттық өнімдерді халықаралық бренд ретінде қалыптастыру маңызды.
Экспорттық әлеуетті арттыру үшін органикалық өндіріс стандарттарын Қытай және Еуропалық Одақ талаптарына сәйкестендіру қажет.
Өз баяндамасында Шолпан Бастаубаева Қазақстан селекциясының әлемдік деңгейден айтарлықтай артта қалғанын айтты. Ұзақ жылдар бойы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және зертханалық жұмыстар мен селекциялық үдерістер арасындағы байланыстың болмауы саланы тежеп отыр.
Ол маркерлік технологияларды, геномды редакциялау әдістерін, цифрлық фенотиптеуді және жеделдетілген селекцияны енгізу қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар селекция, генетика, молекулалық биология, биоинформатика және IT салаларында жоғары білікті мамандар даярлау ауадай қажет. Елдегі жетекші зертханалар мен селекциялық орталықтарды біріктіретін консорциумдар құру – уақыт талабы.
Бастаубаеваның айтуынша, қазіргі әлемдік селекциялық тенденцияларды енгізу Қазақстанға құрғақшылыққа, тұздылыққа және суыққа төзімді, сапасы жоғары сорттарды тез және дәл шығаруға мүмкіндік береді. Бұл органикалық агроөндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың берік негізін қалайды.

Іс-шара барысында Айман Омарованың еңбегі жоғары бағаланып, оған екі мәртебелі марапат табысталды. Алғашқысы – әйел ғалымдарды қолдауға алғаш рет тағайындалған Наиля Базанова атындағы сыйлық. Куәлікті ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті А. Күрішбаев салтанатты түрде табыс етті.
Екінші марапат – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 21 қазандағы Жарлығы бойынша берілген «Ерен еңбегі үшін» медалі. Айман Омарова осы құрметті марапатпен наградталды.
Ғылым, бизнес және мемлекеттің күш біріктіруі Қазақстанға Орталық Азияда экологиялық таза және органикалық өнім өндіруде көшбасшы болуға мүмкіндік береді.
