Елімізде шегірткеге қарсы күрес күшейтілді — БАҚ
Елімізде шегірткеден келер қауіп үдей түсіп, 2,5 млн га аумақты залалсыздандыру жоспарланған. Биыл алғаш рет нақты нысандарды өңдеуге дрондар тартылды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмысты жеңілдетуге ықпал ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Азамат Хидиров және Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренко өз пікірлерімен Almaty телеарнасында бөлісті.
Алдағы жылдары елімізде тыңайтқыш өндіру көлемін 3,2 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин айтты. Ал оларды субсидиялауға 35 млрд теңге қарастырылған. Биыл егіс науқанына арзандатылған бағамен 376 мың тонна дизель отыны бөлінген. Алайда мамандар «қамба толы өнім алу үшін ол жеткіліксіз, алдымен тұқым сапалы болуы керек» дейді.
– Сорт жаңарту және сортты жаңғырту деген екі мәселе бар. Сортты жаңартып отыру керек. Қандай жаңа сорт барын фермерлер жетік біле бермейді. Қоймасында қалғанын сеуіп отыра береді, – деді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Азамат Хидиров.
Алматы облысы бойынша биыл шаруашылық дақылдары 461 мың гектарға себілсе, оның 33 мың гектары — күздік. Ал мал азығы қорын арттыру үшін сапалы көпжылдық шөп, жоңышқа, соя өсіріледі.
– Тыңайтқыштардың бәрін қолданып жатырмыз. Себебі Үкімет қазір субсидиямен қаржыландырады. Сондықтан Алматы облысында суармалы жерлерде өз деңгейінде қолданылады. Демек, өнім береді. Сондықтан қытайбұршақ соя егуге ден қойылған, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтынбек Асанбеков.
Адам бойымен бірдей боп өсіп тұрған бидай өнімі күзде толық пісіп жетіледі. Жалпы аталған институт аумағындағы барлық дақылдың тұқымы сапалы үлгіде сақталып келеді. Ал мұндағы мамандар басты мәселені де бұғып қалған жоқ. Олар «еңбекпен келген өнім сатылмай, қамбада жатып қарайып қалмаса екен» дейді.
Проблема мұнымен біте қоймайды, шегіртке шаруалардың шырқын алмас үшін зиянкестерді заласыздандыру – ең маңызды кезеңнің бірі. Мамандар «онымен күресу үшін егіс алқаптарын алдын ала даярлау кезінде суармалы әдісті пайдаланған жөн» дейді.
– Химиялық және биологиялық тыңайтқыштар әр өсімдіктің түріне қарай тамырына азот ерітінділері арқылы жіберіледі. Оның мөлшерін, мезгілін арнайы ғалымдармен кеңесе отырып тағайындаймыз, – деді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Майлы дақылдар зертханасының меңгерушісі Светлана Дидоренко.
Үкіметтің мәліметінше, биыл зиянкес жәндіктердің табиғи өсіміне байланысты олармен күрес жүргізу үшін 2,5 млн га аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Түркістан облысында шегіртке тараған 50 мың гектардан астам жер учаскесі анықталса, Ақтөбе облысында зиянкестердің дернәсілін жоюға қосымша техника бөлу қарастырылған. Ал Қостанай облысының бес ауданында 29 мың га аумақта химиялық өңдеу жүргізіліп, шегірткеге қарсы күреске фермерлер де жұмылдырылған.