Последние новости

Соңғы жаңалықтар

26.08.2024

Агроғылым кешенді қолдауды қажет етеді — БАҚ

Dark Mode

Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың жаңа қозғалтқыш күшіне айналуы үшін аграрлық ғылым алдында бүгінгі заманның шындығын теориялық, әдістемелік тұрғыдан терең түсіну міндеті тұр. Десек те ғылыми әлеует пен инфрақұрылымның өн бойында тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңнің жарықшағы әлі сыр береді.

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» жазды.

Салалық ғылымның алға өрлеуін сүйемелдейтін озық технологияға, материалдық-техникалық базаға мұқтаждық, кадрлық, құрылымдық проблемалар елдегі әрбір ғылыми-зерттеу институтына етене таныс. Осы тұрғыда «Ауыл» партиясының депутаттары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына барып, даңқты мекеменің тыныс-тіршілігін назарға алды. Ұжыммен кездесіп, ғалым-селекционерлердің ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.

Ел аузында «КИЗ» деген атауға ие болып, биыл тоқсан жылдық тарихын түйіндеп отырған отандық агроғылымның көшбасшысы тек республикада ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал болған өсімдік шаруашылығын, агрономия ғылымын қалыптастыру мен дамытуда салмақты рөл атқарды.

Тоқсан жыл егіншілік, өсімдік, тұқым шаруашылығы, селекция, агрохимия және агротопырақтану саласындағы ғылыми мектептердің ізденістеріне, терең зерттеуге, қалыптасу мен даму мақсатындағы талпынысқа толы ке­зең болды. «Адам ақылымен бай, жер дақылымен бай» деп халық даналығы айтқандай, ғибратты ғұмырын ғылым жолына арнағандар жасампаз жетіс­тік­терімен жерімізді көркейтуге, ел байлығын еселеуге ерен үлес қосты. Академик-ғалымдар М.Ерлепесов, Ә.Әбуғалиев, Р.Оразалиев, А.Күрішбаев, Т.Мейір­ман, А.Әбуғалиева, С.Кенен­баев, М.Есімбекова және тағы басқа көптеген марқасқа маман­ның табанды еңбегінің арқасында егіншілік пен өсімдік шаруашылығын тұрақты дамытуға берік негіз қаланды.

Институттағы көпқырлы селек­ция­лық жұмыс биотехно­логиялық әдіс­терді, физиологиялық-био­химиялық сынамаларды және өнім сапасын технологиялық бағалауды пайдаланумен жоғары сапалы, өнімді, стрестік факторларға, жаңа орталарға, аурулар мен зиянкес­терге төзімді астық, дәнді-бұршақты, техникалық, жемшөп, майлы, жарма дақылдарының сорттары мен будандарын шығару бойынша жүргізіледі. Селекционерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қазіргі күні өндірісте ауыл шаруашылығы дақылдарының 206 сорттары мен будандарын пайдалануға рұқсат етілген. Сонымен қатар таяу шетелдер өндірісінде отандық 48 сорт қолданылады. ҚазЕӨҒЗИ селек­ция­сының ауыл шаруашылығы да­қылдарының сорттары мен будандары республикамыз бен ТМД елдерінде шамамен 3 миллион гектарды алып жатыр. Жетекші селекциялық орталықтың барлық ресурсы мен мүмкіндігі 3.0 селекциясына көшуге жұмылдырылған. Өсімдіктердің толық геномдарының мағынасын ашу технологияларының үдемелі дамуы, микрочиптердегі геномды талдаудың генетикалық технологияларын әзірлеу, молекулалық маркерлермен қаныққан генетикалық карталарды жобалау селекцияның қайта жарақтандырылуына, яғни 3.0 селек­циясына көшуге әкелді.

Селек­ционерлердің, биохимиктердің және биотехнологтардың бірлескен күш-жігерімен құрғақшылыққа төзімді «Северное сияние», сіңімділігі жоғары «Милка», республикамыздың барлық аймағында өсіруге болатын бірегей фотокезеңді, бейтарап соя сорттары жасалды. Алғаш рет институт базасында 29 ауыл шаруа­шылығы дақылының 21 мың­нан астам үлгісінің гендік қоры құрылды. Институт базасында будандастыру орталығы жұмыс істейді. Осы ретте өсімдіктердің генетикалық ресурстарын кең көлемде пайдалану негізінде экономикалық маңызы бар ауыл шаруашылығы дақылдарын іріктеудің тиімділігін, дәлдігін арттырып, жеделдету үшін жетекші селекциялық орталықтардың база­сында цифрлық фенотиптеу, геном­дық және жеделдетілген селекция сияқ­ты заманауи платформалар құ­ру қажет.

Ауыл шаруашылығы ғылым­да­ры­ның докторы, профессор, академик Серік Кененбаевтың айтуынша, бүгінде аграрлық ғылым қарқынды дамып келеді, көптеген жаңа идея ғылыми дәлелденіп, өндірісте өз орнын тауып жатыр.  Дегенмен салада қордаланған мәселе көп. «Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, шет елдерде аграрлық ғылымды мемлекеттік қаржыландыру саланың ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) көлемінің кемінде 1 пайызын құрайды. Бізде бұл көрсеткіш 2022 жылы 0,17 пайыз ғана болды. Сонымен қатар отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жедел дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар арасындағы бірлескен зерттеулер мен білім беру жобаларын қолдайтын бағдарламаларын қаржыландыру құралы көзделуге тиіс», дейді ғалым.

Селекция мен тұқым шаруашы­лы­ғын дамыту үшін еліміз үлкен мүмкіндіктерге ие. Қолайлы табиғи климаттық жағдай, суармалы жерлер, ауыл шаруашылығы дақылдары тұқым­дарының экспорттық нарық­тарының жақындығы еліміздің табиғи бәсекелестік артықшылықтарын айна-қатерсіз ұсынып отыр. Алайда ғалымдар бүгінде тұқым шаруа­шы­лығы жүйесінің бұзылуы, осы салада жұмыс істейтін кәсіпо­рындардың бытыраңқылығы байқалатынын айтады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы дақылдарының кейбір тұқымдары бо­йынша импортқа тәуелділігіміз жоғары және бұл факт елдің азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. Жүгері, жеміс-жидек, жаңғақ, күздік қара бидай, көкө­ніс, бақша, картоп тұқымы және қант қызылшасы сияқты дақылдар бойын­ша отандық селекцияның тұқы­мы­мен қамтамасыз етілуі 10 пайызға жетпейді.

Жыл бойы жүйелі сипат алған проблемаларды айрықша назарға ала отырып, Мемлекет басшысы бас­тап­қы тұқым шаруашылығын дамыту, селекция және тұқым шаруа­шылығы субъектілерінің жабдық­тарын жаңарту және аграрлық ғы­лым­ды ынталандыру жөнінде ша­ра­лар қабылдауды тапсырды. Осы­ған байланыс­ты Ауыл шаруашы­лығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамы­тудың 2028 жылға дейінгі ке­шенді жоспары әзірленді. Оны іске асыру селекция мен тұқым шар­уа­шылығының заңнамалық және нормативтік базасын одан әрі жетілдіруге, субъектілердің мате­риалдық-техникалық базасын жа­ңар­туға, салаға жас кадрлардың келуі үшін қолайлы жағдайлар жасау­ға, тұ­қым шаруашылығының үйлесім­ді жүйе­сін құруға, сондай-ақ тұқым­дарды қадағалаудың цифрлық жүйе­сін әзірлеп, енгізуге мүмкіндік береді.

Қазірде елімізде агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мәселе­ле­рімен айналысатын көптеген бейінді институт жұмыс істейді. Солардың қатарында ҚазЕӨҒЗИ егіншілік және өсімдік шаруашылығы саласындағы барлық ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестіретін ең ірі республикалық ғылыми орталық саналады. «Ауыл» партиясының депутаттары Алматы облысындағы Алмалыбақ елді мекеніне арнайы ат басын бұрып, 340 адам еңбек ететін институттың бүгінгі жай-күйіне тереңірек үңілді. Партия төрағасы С.Егізбаев, төраға орынбасары Ж.Дайрабаев, партия мүшесі Е.Саурықов институт ғалымдарының будандастыру жолымен алынған өсімдік сорттарының тұқымдарын сақтауға арналған Гендік банкпен танысып, банкке ұлттық мәртебе беру мәселесін талқылады. Институт мамандары зерт­ханалық желі жұмысы, органикалық егін шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары туралы баян­дап берді. Сондай-ақ депутаттар тәжірибе алаңында болып, егіндік және басқа да өсімдіктердің өсу үдерісін көрді. Майбұршақ, күздік, мал азықтық дақылдардың отандық жаңа сорттары, қант қызылшасының, жүгері және құмай дақылдарының жаңа сорттары мен будандары таныстырылды.

Кездесу барысында институт қыз­меткерлері өздерін толған­ды­ра­тын бірқатар мәселені көтеріп, оны шешу жолдарын қарастыруға көмектесуді сұрады. ҚазЕӨҒЗИ басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева өсімдіктердің гендік қоры қызметінің барлық аспектісі бойынша заңнамалық базаны жетілдіру, жинақтар мен коллекцияны, оның иелерінің құқықтық мәртебесін заңдастыру, ге­не­тикалық ресурстарды сақтауға не­гізгі қаржы­ландыру жөнінде мәселе қозғады. Сонымен қатар Жарғылық капиталды ұлғайту есебінен селекциялық-биотехнологиялық зерттеулер үшін шағын көлемді мамандандырылған селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасымен, фитотрондармен, заманауи аспаптармен қамтамасыз етудің өзектілігін атап көрсетті. Жас ғылыми кадрлар мен мамандардың тапшылығын жою үшін бейінді жоғары оқу орындарының студент­терімен және түлектерімен жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды. Бұл орайда инс­­­титут басшысы жас ғалымдардың бі­лік­тілігін арттыру, оларға арналған тұрғын үй, жатақхана, әлеуметтік қолдау шараларын қа­рас­тыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ тұқым шаруа­шы­лығы жүйесінің бұзылуын болдырмау үшін оригинаторлар мен элиталық шаруашылықтардың отан­дық селекция сортының нақты өндірілген бірегей және элиталық тұқымдарына шығындарын өтеуге субсидиялар керек. Аграрлық ғылым мен білімнің бизнеспен өзара іс-қимылын, сенімді серіктестігін арттыруға ықпал ететін тиімді маркетингтік күш-жігерді дамыту да маңызды. Селекциялық зерттеулер бойынша ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жеткіліксіз қаржы­лан­д­ыру проблемасының бір шешімі – жас ғалымдарды даярлауды (генетика, биоинформатика ІТ бойынша) ұйымдастыра отырып, жетекші шетелдік селекционерлердің қаты­суы­мен ұзақмерзімді мегажобаны іске асыру, деп есептейді мамандар.

Депутаттар институт қызмет­кер­лерінің өтініш-тілектерін ден қоя тыңдап, көтерілген мәселелердің бәрі Парламент қабырғасында жан-жақты талқыланатынын жеткізді.  


Comment Form

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

Dark Mode
X