Последние новости

Соңғы жаңалықтар

29.09.2026

Қазақстан мен Қырғызстан: органикалық ауыл шаруашылығын бірге дамытамыз

Dark Mode

2026 жылғы 25 қыркүйекте Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының Ұлттық органикалық ауыл шаруашылығы күні аталып өтіп, оның аясында «Қырғызстан органикасы – әлемдік нарыққа жол» атты конференция ұйымдастырылды. Ұлттық органикалық ауыл шаруашылығы күні Қырғыз Республикасы Президентінің 2026 жылғы 11 ақпандағы №40 Жарлығымен бекітілген.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, фермерлік шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, қайта өңдеу кәсіпорындарының және органикалық сектор өкілдері қатысты. Сонымен қатар органикалық өнімдер көрмесі мен дегустация ұйымдастырылып, заманауи ресурс үнемдеуші технологиялар және өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдары таныстырылды.

Аталған маңызды іс-шараға Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты атынан Басқарма төрайымы, профессор Шолпан Бастаубаева және Органикалық егіншілік зертханасының меңгерушісі Назира Слямова қатысты.

Халықаралық тәжірибе мен органикалық ауыл шаруашылығын дамыту нәтижелеріне арналған панельдік сессияда профессор Шолпан Бастаубаева баяндама жасап, Қазақстанның тәжірибесі мен институтта органикалық егіншілік бағытында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстырды.

Өз сөзінде Шолпан Бастаубаева қырғыз әріптестерін Ұлттық органикалық ауыл шаруашылығы күнімен құттықтап, Қырғыз Республикасында бұл бағытты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Органикалық ауыл шаруашылығына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету саланың одан әрі дамуына, ішкі нарықты нығайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен мүмкіндік беретініне тоқталды.

Сонымен қатар Қырғызстанның ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерінің органикалық ауыл шаруашылығын дамытуда болашағы зор екені айтылды. Біздің елдерімізді ұқсас табиғи-климаттық жағдайлар, егіншілік дәстүрлері, топырақ құнарлылығы мен су ресурстарын сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және сапалы әрі қауіпсіз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру секілді ортақ міндеттер біріктіреді.

Осы орайда Қазақстанда да органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлу, ғылым мен өндірушілерді қолдау, сертификаттау жүйесін жетілдіру және отандық органикалық өнімдерді ішкі әрі халықаралық нарықтарға шығаруға қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.

Бүгінде Қырғызстан бұл бағытта елеулі нәтижелер көрсетіп отыр. 2026 жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша, органикалық өндіріске тартылған жер көлемі 101 358,21 гектарға жеткен.

Елде халықаралық органикалық өндіріс стандарттары бойынша өнім өндіру және қайта өңдеумен айналысатын 11 кооператив жұмыс істейді. 11 392 гектар аумақта мақта, дәрілік шөптер, өрік, үрме бұршақ, грек жаңғағы, пісте және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі.

Сонымен қатар Қырғыз Республикасының 37 өңірінде өндірушілердің қатысуымен PGS кепілдік жүйесі дамуда. Бұл бағыттағы жалпы аумақ 85 257,04 гектарды құрайды және мұнда негізінен жергілікті нарыққа арналған көкөністер мен жемістер өсіріледі. Тағы 4 709,17 гектар пилоттық жеке шаруашылықтарға тиесілі.

Бұл көрсеткіштер Қырғызстандағы органикалық ауыл шаруашылығының жекелеген бастамалар деңгейінен шығып, аграрлық секторды дамытудың жүйелі бағыттарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Шолпан Бастаубаева сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер, институттың осы саладағы тәжірибесі және органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың перспективалары туралы баяндады.

Біздің ғалымдарымыздың органикалық бағытты дамытуға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесінің қырғыз әріптестері тарапынан жоғары бағаланғаны ерекше қуантты. Шолпан Бастаубаева мен Назира Слямоваға органикалық өндірісті дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін «Ыраазычылык кат» – Алғыс хаттар табысталды.

Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі – халықаралық тәжірибе алмасу болды. Панельдік сессияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия өкілдері қатысты.

Қырғызстанда органикалық ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын және бұл бағытқа мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отырғанын көру біз үшін ерекше әсер қалдырды. Мемлекеттің қолдауы, ғылым мен өндірістің өзара байланысы және халықаралық ұйымдардың қызығушылығы саланың одан әрі дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.

Орталық Азия елдерінің органикалық ауыл шаруашылығында болашағы зор екеніне сенім мол. Біздің өңір табиғи ресурстарға, бай агробиоалуантүрлілікке және ғасырлар бойы қалыптасқан егіншілік дәстүрлеріне ие. Ғылыми әлеуетімізді, өндірістік тәжірибемізді және мемлекеттік қолдауды біріктіре алсақ, Орталық Азияның органикалық өнімдерінің ортақ беделін қалыптастырып, әлемдік нарықта лайықты орын алуға толық мүмкіндік бар.

Іскерлік бағдарлама Ұлттық органикалық ауыл шаруашылығы күнінің қорытынды қарарын талқылаумен және Қырғыз ұлттық аграрлық университетіне барып, Қырғызстандағы аграрлық ғылымның дамуымен танысумен аяқталды.

Осындай кездесулер ғылымды, өндірісті, мемлекеттік қолдауды және халықаралық тәжірибені біріктірудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.

Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, жылы қабылдап, қонақжайлық танытқан және еңбегімізге жоғары баға берген қырғыз әріптестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз!

Елге жаңа идеялармен, пайдалы кәсіби байланыстармен және органикалық ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастырып, кеңейтуге деген үлкен ниетпен оралдық.

Органикалық ауыл шаруашылығы – бұл тек өнім өндіру технологиясы емес. Бұл – жерге жанашырлық, адам денсаулығына жауапкершілік және келер ұрпақтың болашағына деген қамқорлық.

@agro__press @nasec


Comment Form

КазНИИЗиР © 2020 Все права защищены.

Dark Mode
X